Алатау қаласы туралы

Alatau City Authority

Alatau City Authority (ACA) – Алатау қаласының әкімшілігі. Бұл мемлекеттік орган арнаулы құқықтық режим аясында қаланың дамуына жауап береді: Бас жоспарды іске асырады, инвестициялар тартады және жобаларды жүргізеді. Сондай-ақ ACA өз өкілеттіктері аясында қағидаларды әзірлеп, қабылдайды және олардың орындалуын бақылайды. Әкімшіліктің күнделікті қызметіне бас атқарушы директор (CEO) Әлішер Әбдіқадыров жетекшілік етеді.

ACA-ның жоғары басқару органы – Қазақстан Республикасының Премьер-министрі төрағалық ететін Алатау қаласының кеңесі. ACA-ның өкілеттіктері «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңмен бекітілген. Заңның ережелері 2026 жылдың 1 шілдесінен 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіледі.

Alatau City Authority

ACA қашан және қалай құрылды?

Alatau City Authority Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылдың 26 қыркүйегіндегі «Алатау қаласын дамытудың кейбір мәселелері туралы» №1015 Жарлығы негізінде құрылды.

Бастапқыда ACA Үкімет құрамына кірмейтін мемлекеттік қор нысанында жұмыс істеді. 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап оның мәртебесі Конституциялық заңмен айқындалады. Қаржыландыру мемлекеттік бюджет қаражаты және жеке көздер есебінен жүзеге асырылады.

БСН – 251140004574.

ACA функциялары мен міндеттері

Президент Жарлығында Alatau City Authority-дің негізгі міндеттері айқындалған:

  • · қала құрылысы және инвестициялық жобаларды жүргізу;
  • · жеке және халықаралық инвесторларды тарту;
  • · қалалық кеңістікті, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды басқарудың табысты халықаралық тәжірибесін енгізу;
  • · жетекші халықаралық сарапшылар мен консультанттарды тарту;
  • · Алатауды инвесторлар арасында ілгерілетуге бағытталған іс-шараларды, оның ішінде халықаралық роуд-шоуларды ұйымдастыру;
  • · қаланы дамытуға қатысты Кеңестің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың барлық шешімдерін іске асыру және жүргізу.

Арнаулы құқықтық режиммен байланысы

ACA – Алатаудың арнаулы құқықтық режимін іске асыратын негізгі институт. Конституциялық заңды іске асыру мақсатында қабылданған әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамына кіреді.

Арнаулы режиммен реттелетін қатынастарда басқа нормативтік құқықтық актілермен қайшылықтар туындаған жағдайда арнаулы құқықтық режим туралы заңнама қолданылады. Қазақстан Республикасының Конституциясы жоғары заңдық күшін сақтайды, ал ратификацияланған халықаралық шарттар Конституциялық заңнан басым болады.

Алатау қаласының әкімдігі мен мәслихаты өз өкілеттіктерін Конституциялық заңға сәйкес жүзеге асырады және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуді жалғастырады.

Визуализация небоскреба Iconic Complex в Gate District

Инвестициялық ортаны дамыту

ACA-ның негізгі функцияларының бірі – Алатауды халықаралық инвесторлар арасында таныту. Бұл жұмыс ACA басшылығы тағайындалғанға дейін басталған: 2025 жылдың қазан айында Сеулде Alatau Rise with Kazakhstan роуд-шоуы өтті.

ACA қаланы халықаралық деңгейде таныстыру жұмыстарын жалғастырды. 2026 жылдың маусымында Қытайда роуд-шоу ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, есептеу қуаттары және финтех салаларында жалпы инвестициялық әлеуеті 6 млрд АҚШ долларынан асатын 30 меморандум мен келісімге қол қойылды. 2026 жылы қыркүйекте Оңтүстік Кореяда кезекті роуд-шоу өтті. 2026 жылдың күзіне Германия мен Ұлыбританияда роуд-шоулар өткізу жоспарланды.

2026 жылдың күзінде Alatau City Authority Қазақстан қор биржасымен (KASE), Binance Kazakhstan және Bybit Kazakhstan компанияларымен токенизация және цифрлық төлемдер саласындағы ынтымақтастық туралы, Ұлттық банкпен және Tether компаниясымен стейблкоиндерді дамыту туралы, сондай-ақ оңтүстіккореялық AST Holdings және ILJOO GnS компанияларымен қаланың цифрлық егізінің пилоттық жобасын іске асыру туралы меморандумдарға қол қойды.

Қаланың инвестициялық портфелі кеңейіп келеді. 2025 жылдың соңында Алатауда жалпы құны шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 18 ірі жоба іске асырылып жатты, ал инвестициялық жобалар тізімінде 41 жоба болды. 2026 жылдың ортасына қарай Алатаудың инвестициялық портфелі жалпы құны 6,9 млрд АҚШ долларынан асатын 67 жобаға дейін ұлғайды.

Басшылық

ACA-ның жоғары басқару органы – Қазақстан Республикасының Премьер-министрі басқаратын Алатау қаласының кеңесі. Кеңес құрамына Үкіметтің, Ұлттық банктің, жергілікті билік органдарының өкілдері, қазақстандық саяси және экономикалық қайраткерлер, сондай-ақ халықаралық сарапшылар кіреді. Кеңес қаланың стратегиялық даму бағыттарын айқындайды, әкімшілік бюджетін және өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді бекітеді.

Атқарушылық функциялар 2025 жылдың желтоқсанында тағайындалған бас атқарушы директор (CEO) Әлішер Әбдіқадыровқа жүктелген. ACA-ға тағайындалғанға дейін Әбдіқадыров мемлекеттік басқару, инвестициялық саясат және өңірлік даму салаларында 15 жылдан астам жұмыс істеген.

Alatau City Authority туралы негізгі деректер

Құрылу негізі

ҚР Президентінің 2025 жылдың 26 қыркүйегіндегі №1015 Жарлығы

Мәртебесі

мемлекеттік орган – Алатау қаласының әкімшілігі

Бастапқы ұйымдық-құқықтық нысаны

мемлекеттік қор

БСН

251140004574

Жоғары басқару органы

Алатау қаласының кеңесі (төрағасы – ҚР Премьер-министрі)

Бас атқарушы директор (CEO)

Әлішер Әбдіқадыров (2025 жылдың желтоқсанынан бастап)

Конституциялық заң

ережелері 2026 жылдың 1 шілдесінен 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіледі

Қаржыландыру

мемлекеттік бюджет қаражаты және жеке қаржыландыру көздері

Алатаудың инвестициялық портфелі

67 жоба, 6,9 млрд АҚШ долларынан астам (2026 жылдың ортасындағы жағдай бойынша)

Жиі қойылатын сұрақтар