Алатау қаласы туралы

Алатау қаласы туралы

Алатау (Alatau City) – Қазақстанның Алматы облысындағы облыстық маңызы бар қала. Алматы мен Қонаев қалаларының арасында орналасқан. Қала 2024 жылы Жетіген ауылының негізінде құрылды. 2026 жылдың 1 шілдсінен бастап қалада «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң негізінде арнаулы құқықтық режим кезең-кезеңімен енгізіледі.

Сингапурдың Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленген бас жоспар 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Жоспарда тұрғын үй кварталдары, өндіріс орындары, іскерлік орталықтар, университеттер мен туристік нысандар орналасатын төрт аудан қарастырылған.

Панорама города Алатау с высотными зданиями

Алатау қаласы туралы негізгі деректер

Мәртебесі:

облыстық маңызы бар қала

Құрылған күні:

2024 жылғы 9 қаңтар

Орналасқан жері:

Алматы облысы, Алматы қаласынан солтүстікке қарай 47 км

Аумағы:

шамамен 88 000 га (880 км²)

Халқы:

54 747 адам (2025 жылғы желтоқсандағы дерек)

Жоспарлау құрылымы:

төрт аудан (Gateway, Administrative City Center, Growing және Green)

Бас жоспар қамтитын кезең:

2050 жыл

2050 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштер:

Халық саны:

шамамен 1,87 млн адам

Жұмыс орындарының саны:

шамамен 1 млн

Вид на строящиеся кварталы города Алатау с высоты

Алатау қаласы не үшін құрылып жатыр?

Алатау Қазақстанның жаңа экономикалық және технологиялық орталығы ретінде дамып келеді. Қалаға өнеркәсіп, логистика, қаржылық қызметтер, ғылым және білім беру салаларына инвестиция тарту көзделген. Бұл бағыттарды дамыту Алматы агломерациясында жаңа жұмыс орындарын ашуға және бизнес пен жұмыспен қамту шоғырланған Алматы қаласына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Осы мақсатта Алатауда қаланы басқарудың, бизнесті лицензиялаудың, салықтық жеңілдіктер берудің және инвесторлардың құқықтарын қорғаудың арнайы тетіктерін қамтитын арнаулы құқықтық режим көзделген. Сондай-ақ бұл режим жаңа технологияларды енгізудің құқықтық негізін қалыптастырады.

(Толығырақ → «Алатау дегеніміз не?»)

1 млн

жұмыс орны

2050 жылға қарай ашылады деп жоспарланған

1,87 млн

адам

2050 жылға қарай болжамды халық саны

Қала қалай пайда болды?

Архитектурный проект высотного комплекса в городе Алатау

Жобаның тарихы 2006 жылы G4 City тұжырымдамасынан басталды. Онда Алматы–Қапшағай (қазіргі Қонаев) тасжолының бойында төрт серіктес қала салу көзделген еді.

2023 жылы тұжырымдама қайта қаралды. Төрт бөлек серіктес қаланың орнына, төрт тақырыптық ауданнан тұратын біртұтас қала құру ұсынылды. 2024 жылғы қаңтарда Алатау қаласы құрылды.

(Толығырақ → «Алатау қаласының тарихы»)

Алатау қаласы қай жерде орналасқан?

Алатау қаласы Алматы облысында, Алматы қаласынан солтүстікке қарай 47 км жерде, Алматы мен Қонаевты байланыстыратын А3 автомобиль жолының бойында орналасқан.

Алматыға жақын орналасуы, автомобиль және теміржол қатынасының болуы өнеркәсіп, сауда және логистиканы дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Қапшағай су қоймасының маңындағы Green District ауданында туристік нысандар мен демалыс аймақтарын орналастыру жоспарланған.

(Толығырақ → «Географиясы және орналасуы»)

Алатаудың төрт ауданы

Алатау әрқайсысының өзіндік мамандануы бар төрт ауданды біріктіреді:

  • Gateway District – бизнес және қаржы;
  • Administrative City Center – білім беру, ғылым және медицина;
  • Growing District – өнеркәсіп және логистика;
  • Green District – Қапшағай су қоймасының маңындағы туризм және демалыс.

Әр ауданда тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер де қарастырылған. Бұл тұрғындарға өз ауданынан шықпай-ақ жұмыс істеуге, білім алуға және демалуға мүмкіндік береді.

(Толығырақ → «Алатау қаласының аудандары»)

Қала қалай дамиды?

Алатауды дамыту бірнеше кезеңге бөлінген. Бас жоспарда жолдар мен электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу, мектептер мен медициналық мекемелерді тұрғызу, сондай-ақ қоғамдық көлікті дамыту көзделген.

2030 жылға дейінгі бірінші кезеңде негізгі инфрақұрылымды қалыптастыруға және Gateway District пен Administrative City Center аудандарында алғашқы нысандарды салуға басымдық беріледі. Бас жоспарды толық іске асыру 2050 жылға дейін есептелген.

(Толығырақ → «Алатауды дамыту кезеңдері»)

Smart City: қалаға арналған цифрлық технологиялар

Smart City тұжырымдамасы тұрғындар мен бизнеске арналған цифрлық сервистерді дамытуды, жасанды интеллектіні қолдануды және Алатаудың цифрлық егізін құруды көздейді. Оның негізінде Конституциялық заңда бекітілген Digital by default қағидаты жатыр. Бұл қағидатқа сәйкес, қаланы басқару жүйесіндегі сервистер мен процестер бастапқыдан цифрлық ортада жұмыс істеуге бейімделіп жобаланады.

Цифрлық егіз – ғимараттар, жолдар мен инженерлік желілер туралы деректерді қамтитын қаланың виртуалды моделі. Оның көмегімен жоспарланған өзгерістерді модельдеп, оларды жүзеге асырмай тұрып инфрақұрылым жұмысына ықпалын бағалау көзделген.

(Толығырақ → «Smart City»)

CryptoCity: цифрлық активтер мен төлемдер

CryptoCity – Алатауда цифрлық активтерді реттелетін ортада пайдалануға байланысты даму бағыты. Ол криптовалюта арқылы төлем жасауды сынақтан өткізу және токенизация, яғни активтерге қатысты құқықтарды цифрлық түрде көрсету тетіктерін енгізу жөніндегі жоспарларды қамтиды.

Конституциялық заң Алатауда цифрлық активтерді реттеу мүмкіндігін қарастырады. Алайда CryptoCity бағыты бойынша операциялық қағидалар әзірге бекітілмеген.

(Толығырақ → «CryptoCity»)