Алатау қаласы туралы

Глоссарий

Глоссарийде Алатау қаласының дамуына қатысты құқықтық, ұйымдастырушылық және технологиялық терминдер түсіндіріледі. Мұнда резиденттік, бизнес-лицензия, салықтық преференциялар, инвестициялық кепілдіктер және қаланың жаңа технологиялары туралы ұғымдардың анықтамалары жинақталған. Құқықтық ұғымдар «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII Конституциялық заңы негізінде, оған енгізілген өзгерістер ескеріле отырып, қарапайым тілмен түсіндірілген.

Арнаулы құқықтық режимнің нормалары кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіледі. Терминнің заңда айқындалуы тиісті рәсімнің іске қосылғанын білдірмейді. Негізгі тетіктерді қолданысқа енгізу мерзімдері төменде көрсетілген және «Қолданысқа енгізілген нормалар» бөлімінде толығырақ түсіндірілген.

Административное здание Алатау

Алатау қаласының әкімшілігі (Alatau City Authority, АСА)

Алатау қаласының әкімшілігі, немесе Alatau City Authority (АСА), қаланы дамытуға және арнаулы құқықтық режимді іске асыруға жауапты ерекше мемлекеттік орган. АСА нормативтік құқықтық актілер мен стратегиялық құжаттарды әзірлейді, инвестициялар тартумен және жобаларды сүйемелдеумен айналысады. Резиденттерді тіркеу және лицензиялау жөніндегі өкілеттіктер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 19, 38–41 және 90-баптары. Толығырақ: «Alatau City Authority».

Бизнес-лицензия

Бизнес-лицензия – Алатау резидентінің қалада кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын және осы қызметтің рұқсат етілген түрлері мен шарттарын айқындайтын құжат. Ол заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуді алмастырмайды: коммерциялық ұйымға бизнес-лицензия Алатау резиденті болып табылатын заңды тұлға ретінде тіркелген кезде беріледі. Бизнес-лицензиялауға қатысты ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5, 39, 40 және 90-баптары. Толығырақ: «Бизнес-лицензия және реттеуші рұқсаттар».

Бизнес-лицензиялау

Бизнес-лицензиялау – бизнес-лицензия беруге және оған қатысты заңнамада көзделген өзге де әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты рәсімдердің жиынтығы. Бұл рәсімдер бизнестің Алатауда қызмет жүргізу құқығын қалай алатынын, сондай-ақ лицензияның қолданысы қалай өзгертілетінін немесе тоқтатылатынын айқындайды. Бизнес-лицензиялауға қатысты ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5, 39 және 90-баптары. Толығырақ: «Бизнес-лицензия және реттеуші рұқсаттар».

Бюджеттік дербестік

Бюджеттік дербестік – Алатаудың шоғырландырылған бюджетіне қаладағы кіріс көздерінен бес жыл қатарынан түсетін түсімдер ағымдағы шығыстар мен даму шығыстарынан асып түсетін жағдай. Мұндай жағдайға қол жеткізілгенге дейін заң жергілікті бюджет пен әкімшілік қаражатын республикалық немесе өзге бюджеттерге алып қоюға тыйым салады.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5 және 30-баптары. Толығырақ: «Қарқынды дамитын қала».

Вертипорт

Вертипорт – тік ұшып көтерілетін және қонатын әуе кемелерінің ұшып көтерілуіне, қонуына және қозғалысына арналған аэродром немесе арнайы бөлінген алаң, оның ішінде ғимараттың үстінде орналасқан алаң. Оның құрамына әуе кемелеріне қызмет көрсету және электр қуатымен зарядтау инфрақұрылымы кіруі мүмкін. Алатауда болашақтағы қалалық әуе мобильділігі орталығы – UAM Center Eurasia құрамында қаланың алғашқы вертипорты салынуда.

Толығырақ: «Қазірдің өзінде қолданыстағы нормалар».

Тұрақтылық кепілдігі

Тұрақтылық кепілдігі – Алатау заңнамасы өзгерген жағдайда шарттардың талаптары мен бұрын берілген лицензиялардың қолданысын қорғау жөнінде заңда көзделген кепілдік. Инвестициялық жобаларды басым салаларда іске асыратын резидент заңды тұлғалар үшін бизнес-лицензия берілген күннен бастап 10 жылға арналған жеке салықтық кепілдік қарастырылған. Әр кепілдіктің заңда белгіленген талаптары мен ерекшеліктері бар. Салыққа қатысты ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 14, 44 және 90-баптары. Толығырақ: «Инвесторларға берілетін кепілдіктер», «Салықтық преференциялар».

Қарқынды дамитын қала

Қарқынды дамитын қала – «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңда бекітілген Алатау мәртебесі. Ол Қазақстанның құқықтық жүйесі шеңберінде қаланы басқару, дамыту және оның аумағында қызметті жүзеге асыру үшін ерекше қағидалар белгілейді.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 1-бабы. Толығырақ: «Қарқынды дамитын қала».

«Бірыңғай терезе»

«Бірыңғай терезе» – Алатау әкімшілігімен тіркеу, лицензиялау, рұқсаттар, келісулер және оның құзыреті шегіндегі бақылау мәселелері бойынша бизнестің орталықтандырылған өзара іс-қимыл жасау қағидаты. Ол цифрлық жүйелерді пайдалануды және арнаулы режим аясындағы мәселелер бойынша әртүрлі органдарға жүгіну қажеттілігін азайтуды көздейді. Бұл қағидатқа қатысты ережелер 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 11 және 90-баптары. Толығырақ: «Бизнес-лицензия және реттеуші рұқсаттар».

Алатау қаласының заңнамасы

Алатау қаласының заңнамасы – құрамы Алатау туралы Конституциялық заңда айқындалған нормативтік құқықтық актілер жиынтығы. Оған Қазақстан Республикасының Конституциясы, Алатау туралы Конституциялық заң, оны іске асыру үшін қабылданған Президент пен Үкіметтің нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ оның негізінде қабылданған әкімшілік, мәслихат, әкімдік және қала әкімінің нормативтік құқықтық актілері кіреді. Қала заңнамасы арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың құрамдас бөлігі болып табылады.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5 және 36-баптары. Толығырақ: «Алатау туралы Конституциялық заң».

Алатау қаласының жер қоры

Алатау қаласының жер қоры – арнаулы құқықтық режимнің міндеттерін орындау және қаланы дамыту мақсатында қалыптастырылатын жер учаскелерінің жеке қоры. Қордың құрамы, оны толықтыру негіздері және әкімшіліктің оны басқару жөніндегі өкілеттіктері заңмен айқындалады. 68-бапқа сәйкес қорды қалыптастыру жөніндегі негізгі ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5, 67, 68 және 90-баптары. Толығырақ: «Алатау туралы Конституциялық заң».

Инвестициялар

Алатау туралы Конституциялық заңдағы мағынасы бойынша инвестициялар – заң қолданысқа енгізілген күннен бастап қала аумағында оның заңнамасына сәйкес инвестор салатын мүліктік игіліктер мен құқықтар. Мұндай салымдар пайда табу мақсатында да, ондай мақсатсыз да жүзеге асырылуы мүмкін. Инвестициялар тек ақшалай қаражатпен шектелмейді.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5-бабы. Толығырақ: «Инвесторларға берілетін кепілдіктер».

Инвестициялық жоба

Алатаудағы инвестициялық жоба – қала экономикасының басым саласына инвестиция салуды көздейтін резидент заңды тұлғаның жобасы. Оның құны, мерзімдері мен шарттары бизнес-лицензияда айқындалады. Жобаны осы санатқа жатқызу заңда көзделген кепілдіктер мен преференцияларды қолдану үшін маңызды.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5-бабы. Толығырақ: «Инвесторларға берілетін кепілдіктер», «Салықтық преференциялар».

Инвестициялық дау

Алатаудағы инвестициялық дау – инвестордың Қазақстан Республикасымен, әкімшілікпен немесе оның органдарымен арадағы, заңда белгіленген санаттарға жататын: инвестицияларды қорғау, резиденттің үлестерін немесе акцияларын иелену не инвестициялық жобаны іске асыру мәселелеріне қатысты дауы. Инвестордың контрагентпен арадағы кез келген коммерциялық дауы осы заң бойынша инвестициялық дау болып саналмайды. Оларды шешудің арнайы тәртібі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5, 74 және 90-баптары. Толығырақ: «Дауларды шешу».

Инвестор

Инвестор – Конституциялық заңға сәйкес Алатауға инвестиция салатын жеке немесе заңды тұлға. Инвестор мен Алатау резиденті – екі түрлі ұғым: инвестиция салуға қатысу өздігінен резидент мәртебесін алуды білдірмейді.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5 және 38-баптары. Толығырақ: «Инвесторларға берілетін кепілдіктер».

Шетелдік жұмыскер

Алатау туралы Конституциялық заңдағы мағынасы бойынша шетелдік жұмыскер – қалада жұмыс істеу үшін, оның ішінде корпоративішілік ауысу шеңберінде, резидент заңды тұлға тартатын шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам. Бұл ұғым корпоративішілік ауысу тәртібімен тартылатын жұмыскерлерді де қамтиды. Шетелдік жұмыскерлерді тарту ерекшеліктері мен олардың болуына қойылатын талаптар заңнамада және әкімшілік актілерінде айқындалады.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5, 60 және 61-баптары. Толығырақ: «Алатау туралы Конституциялық заң».

Алатау туралы Конституциялық заң

«Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII Конституциялық заңы – қаланың арнаулы құқықтық режимін, басқару жүйесін және қызметті реттеу ерекшеліктерін белгілейтін заң. Оның ережелері 90-бапта айқындалған мерзімдерге сәйкес кезең-кезеңімен, соның ішінде 2026 жылдың 1 шілдесінен, 2027 жылдың 1 қаңтарынан және 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі. Жекелеген өтпелі ережелер үшін бұдан ертерек мерзім белгіленген.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 90-бабы. Толығырақ: «Алатау туралы Конституциялық заң», «Қазірдің өзінде қолданыстағы нормалар».

АХҚО Халықаралық төрелік орталығы (АХҚО ХТО)

АХҚО Халықаралық төрелік орталығы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының төрелік институты. Ол дауларды қолданылатын қағидаларға сәйкес қарайды. Алатау туралы Конституциялық заңның 74-бабына сәйкес, инвестор инвестициялық дауды шешу үшін таңдай алатын төрелік институттарының тізбесіне енгізілген. Бұл тәртіп 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 74 және 90-баптары. Толығырақ: «Дауларды шешу».

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО, AIFC)

«Астана» халықаралық қаржы орталығы – Қазақстандағы ерекше құқықтық режимі бар, Англия мен Уэльс құқығының қағидаттары, нормалары мен прецеденттері қолданылатын қаржы орталығы. АХҚО мен Алатау қаласы әртүрлі конституциялық заңдар негізінде жұмыс істейді. Алатау инвесторлары үшін АХҚО ХТО инвестициялық дауларды шешуге болатын төрелік институттарының бірі ретінде көзделген.

Толығырақ: «Дауларды шешу».

Салықтық преференция

Алатаудағы салықтық преференция – арнаулы режим шеңберінде резидентке инвестициялық жобаны іске асыру үшін қаланың жалпы салық режимімен салыстырғанда берілетін артықшылық. Ол төмендетілген мөлшерлемелерді, салықтан босатуды, қосымша шегерімдерді немесе салық салу объектісі мен базасын өзгертуді қамтуы мүмкін. Арнаулы салық режиміне қатысты ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5, 44 және 90-баптары. Толығырақ: «Салықтық преференциялар».

1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясы

1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясы – шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындау туралы халықаралық шарт. Ол қатысушы мемлекеттерде шешімдерді тану қағидалары мен оларды танудан бас тарту негіздерін белгілейді. Конвенцияның қолданылуы кез келген төрелік шешімнің автоматты түрде орындалатынын білдірмейді.

Құқықтық негізі: 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясы; Алатау туралы Конституциялық заңның 74-бабы. Толығырақ: «Дауларды шешу».

Негізгі бизнес

Алатаудағы негізгі бизнес – негізгі функциялары табыстың тікелей қалыптасуына ықпал ететін, қала аумағында нақты жүзеге асырылатын қызмет. Заңда өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету, сондай-ақ қалада орналасқан мүлікпен және осы жерде құрылған немесе басқарылатын зияткерлік қызмет нәтижелерімен байланысты қызмет ескеріледі. Негізгі бизнестің бар-жоғын әкімшілік заңда белгіленген өлшемшарттар бойынша айқындайды.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 39-бабы. Толығырақ: «Бизнес-лицензия және реттеуші рұқсаттар».

Жетілдірілген әуе мобильділігі (Advanced Air Mobility, AAM)

Жетілдірілген әуе мобильділігі – адамдар мен жүктерді тасымалдау үшін әуе кемелерінің жаңа түрлерін, автоматтандырылған жүйелер мен инфрақұрылымды пайдаланатын авиацияны дамыту бағыты. Ол қалалық және өңірлік тасымалдарды, соның ішінде eVTOL және ұшқышсыз аппараттарды қолдануды қамтиды. Қалалық әуе мобильділігі (UAM) – AAM бағытының бір бөлігі.

Толығырақ: «Қазірдің өзінде қолданыстағы нормалар».

Алатау қаласының басым салалары

Алатау қаласының басым салалары – қала даму стратегиясын ескере отырып, әкімшілік актілерімен айқындалатын экономика секторлары. Осындай салада қызмет жүргізу жекелеген инвестициялық кепілдіктер мен салықтық преференцияларды қолдану шарттарының бірі болып табылады. Қызметтің басым салаға жатқызылуы өздігінен жеңілдіктердің автоматты түрде берілуін білдірмейді.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5 және 44-баптары. Толығырақ: «Салықтық преференциялар».

Реттеуші лицензия

Реттеуші лицензия – Алатау резидентінің мемлекеттік реттеуге жататын белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыру құқығын растайтын құжат. Тиісті қызмет түрлері үшін ол бизнес-лицензияға қосымша талап етіледі және белгіленген талаптардың сақталуын көздейді. Реттеушілік лицензиялауға қатысты ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5, 41 және 90-баптары. Толығырақ: «Бизнес-лицензия және реттеуші рұқсаттар».

Реттеуші рұқсат

Реттеуші рұқсат – Алатаудағы белгілі бір операцияны, жобаны жүзеге асыруға немесе эксперименттік құқықтық режимге қатысуға құқық беретін әкімшілік органның құжаты немесе шешімі. Реттеушілік лицензиядан айырмашылығы, ол жалпы қызмет түріне емес, нақты әрекетке немесе жағдайға қатысты беріледі. Реттеушілік рұқсаттарға қатысты ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5, 41 және 90-баптары. Толығырақ: «Бизнес-лицензия және реттеуші рұқсаттар».

Алатау резиденті

Алатау резиденті – Конституциялық заң мен әкімшілік актілеріне сәйкес тиісті құқықтық мәртебе берілген жеке немесе заңды тұлға. Резиденттік санаты құқықтар мен міндеттердің көлемін, сондай-ақ арнаулы режимнің қолданылу тәртібін айқындайды. Қалада тұру немесе мекенжайының болуы өздігінен мұндай мәртебе бермейді. Резиденттікке қатысты ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5, 38 және 90-баптары. Толығырақ: «Бизнес-лицензия және реттеуші рұқсаттар».

Табысты репатриациялау

Табысты репатриациялау – Алатаудағы қызметтен алынған табысты салықтар мен басқа да міндетті төлемдер төленгеннен кейін шетелге аудару. Арнайы валюталық режим валюталық реттеу және заңсыз қаржылық операцияларға қарсы іс-қимыл талаптарын ескере отырып, мұндай мүмкіндік береді. 46-баптың тиісті ережелері 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 46 және 90-баптары. Толығырақ: «Инвесторларға берілетін кепілдіктер».

Алатау қаласының кеңесі

Алатау қаласының кеңесі – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын Alatau City Authority әкімшілігін басқарудың жоғары органы. Кеңес қаланы дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды және Конституциялық заңда белгіленген өкілеттіктері шегінде негізгі шешімдерді қабылдайды.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 20 және 21-баптары. Толығырақ: «Алатау қаласының кеңесі».

Арнаулы құқықтық режим

Алатаудың арнаулы құқықтық режимі – Конституциялық заңмен белгіленген, қаланы басқарудың, дамытудың және оның аумағында қызметті жүзеге асырудың ерекше қағидаларын қамтитын жүйе. Режим аясында реттелетін мәселелер бойынша арнайы нормалар Қазақстанның басқа нормативтік құқықтық актілеріне қайшы келген жағдайда басым қолданылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының ең жоғары заңдық күші сақталады, ал ратификацияланған халықаралық шарттар Конституциялық заңнан басым болады.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 3, 4 және 6-баптары. Толығырақ: «Құқықтық режим».

Алатау қаласының стандарттары

Алатау қаласының стандарттары – әкімшілік өз өкілеттіктері шегінде қабылдайтын өнімге, процестерге, қызметтерге және оларды бақылау әдістеріне қойылатын міндетті талаптар. Стандарттардың мазмұны мен қолданылу салалары қала заңнамасымен айқындалады.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 5 және 62-баптары. Толығырақ: «Алатау туралы Конституциялық заң».

Сапа инфрақұрылымы жоғары елдер

Сапа инфрақұрылымы жоғары елдер – шетелдік құжаттарды тану және шетелдік талаптарды қолдану кезінде Алатау заңнамасында пайдаланылатын шет мемлекеттердің немесе олардың өңірлерінің санаты. Бұл санатқа жатқызу және құжаттарды тану тәртібі қолданылатын актілермен айқындалады. Бұл кез келген лицензияның, сертификаттың немесе дипломның автоматты түрде танылатынын білдірмейді.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заң және шетелдік құжаттарды тану жөніндегі әкімшілік актілері. Толығырақ: «Бизнес-лицензия және реттеуші рұқсаттар».

«Alatau» АЭА

«Alatau» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) – жеке қағидалар бойынша жұмыс істейтін және Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимімен бірдей болып саналмайтын арнайы экономикалық аймақ. Конституциялық заңның 80-бабында оның қатысушылары үшін өтпелі шарттар көзделген. Олардың қатарында 2027 жылғы 1 қаңтардан 1 шілдеге дейін жобаларды Алатау резиденттері ретінде құрылатын заңды тұлғаларға ауыстыру мүмкіндігі бар.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 80-бабы. Толығырақ: «Қазірдің өзінде қолданыстағы нормалар».

Эксперименттік құқықтық режим

Эксперименттік құқықтық режим – Алатауда жаңа технологияларды әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу үшін белгіленетін реттеудің арнайы тәртібі. Әкімшілік оның қолданылатын аумағын, мерзімі мен шектеулерін айқындайды. Жасанды интеллект, роботтандырылған жүйелер және инновациялық көлік ықтимал бағыттардың қатарына жатады. Әр режимге қатысу шарттары жеке белгіленеді.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 41 және 54-баптары. Толығырақ: «Қарқынды дамитын қала», «Бизнес-лицензия және реттеуші рұқсаттар».

Экспроприация

Экспроприация – мемлекеттің мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруы. Алатау туралы Конституциялық заңның 69-бабында оның нақты бір жағдайы реттеледі: жер учаскелері мен олардың үстінде орналасқан жылжымайтын мүлікті меншік иесінің немесе жер пайдаланушының келісімімен не сот шешімі бойынша мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару. Заңда мүліктің құнын тең мөлшерде өтеу қағидалары мен оны бағалау ерекшеліктері белгіленген.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 69-бабы. Толығырақ: «Инвесторларға берілетін кепілдіктер».

CryptoCity

CryptoCity – цифрлық активтер мен оларға қатысты технологияларды, соның ішінде токенизация мен цифрлық есеп айырысуды қала экономикасында пайдалану тұжырымдамасы. Алатауда мұндай операциялар арнайы заңнама және уәкілетті органдардың қолданылатын актілері арқылы реттеледі. CryptoCity атауының өзі белгіленген талаптарды орындамай, цифрлық активтермен кез келген операцияны жүргізу құқығын бермейді.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 47-бабы. Толығырақ: «CryptoCity».

Digital by Default («әдепкіде цифрлық форматта»)

Digital by Default – рәсімдерді ресімдеу және басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасау кезінде цифрлық формат негізгі тәсіл ретінде қолданылатын ұстаным. Алатау туралы Конституциялық заңда оған цифрлық басымдылық қағидаты сәйкес келеді: әкімшілік рәсімдер мен әрекеттер заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, бастапқыдан цифрлық форматта әзірленіп, жүзеге асырылады. 12-баптың ережелері 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 12 және 90-баптары. Толығырақ: «Алатау туралы Конституциялық заң».

eVTOL (electric Vertical Take-Off and Landing)

eVTOL – тігінен ұшып көтеріліп, қона алатын электрлі әуе кемесі. Мұндай аппараттар жолаушылар мен жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылуы мүмкін, сондықтан бұл ұғым тек аэротаксимен шектелмейді. Орталық Азиядағы алғашқы eVTOL демонстрациялық ұшуы 2026 жылдың 19 мамырында Алатауда өтті.

Толығырақ: «Қазірдің өзінде қолданыстағы нормалар».

Smart City («ақылды қала»)

Smart City – көлік, коммуналдық желілер, қоғамдық қауіпсіздік және қаланың басқа да жүйелерін басқару үшін деректер мен цифрлық технологияларды пайдалануға негізделген тәсіл. Алатауда бұл тәсіл инфрақұрылым мен қалалық шаруашылық туралы деректерді бірыңғай цифрлық платформада біріктіруді көздейді.

Толығырақ: «Smart City».

Tax Ruling (салықтық алдын ала түсіндірме, салықтық рулинг)

Tax Ruling, немесе салықтық рулинг – Алатау әкімшілігінің резидент жоспарлап отырған нақты мәмілеге салық нормаларын қолдану жөніндегі алдын ала шешімі. Егер елеулі мән-жайлар толық әрі шынайы ашылып, мәміле ұсынылған талаптарға сәйкес жасалса, бұл шешім әкімшілік пен мемлекеттік органдар үшін тиісті резидент пен мәмілеге қатысты міндетті болып табылады. Шешім ақылы негізде беріледі. Бұл тетікке қатысты ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құқықтық негізі: Алатау туралы Конституциялық заңның 44-бабының 12) тармақшасы және 90-бабы. Толығырақ: «Салықтық преференциялар».

UAM (Urban Air Mobility, қалалық әуе мобильділігі)

UAM – қалалық ортада және оған іргелес аумақтарда адамдар мен жүктерді әуе арқылы тасымалдауға байланысты жетілдірілген әуе мобильділігінің бағыты. Ол әуе кемелерін, соның ішінде eVTOL мен ұшқышсыз аппараттарды, қону инфрақұрылымын және ұшу қозғалысын басқару жүйелерін қамтиды. Алатауда UAM бағытын дамыту демонстрациялық ұшулар өткізуді және болашақ әуе тасымалдарына арналған инфрақұрылым құруды көздейді.

Толығырақ: «Қазірдің өзінде қолданыстағы нормалар».