Алатауға инвестиция салудың артықшылықтары
Алатау – Қазақстанның Алматы облысында орналасқан, жеке Конституциялық заңмен бекітілген арнаулы құқықтық режим аясында салынып жатқан жаңа қала. Қазірдің өзінде алғашқы нысандардың құрылысы жүріп, қаланың нормативтік-құқықтық базасы қалыптасуда. Қаланың Бас жоспары 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтиды, ал инвестициялық жоспардың көлемі 10,4 трлн теңгені құрайды. Инвесторларға 30 жылға дейінгі мерзімге салықтық преференциялар, инфрақұрылымды дамытуға мемлекеттік қолдау және Қазақстанның ең ірі агломерациясы – Алматыға тікелей қолжетімділік ұсынылады.

Алатауға инвестиция салудың 10 себебі
01
Қазақстан – Еуразия нарықтарына шығатын жол
Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі экономика, Дүниежүзілік сауда ұйымының және 180 миллионнан астам халқы бар ортақ нарықты біріктіретін Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) мүшесі. Ел 50-ден астам мемлекетпен қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдер және инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдер жасасқан.
Алатауда жұмыс істейтін компаниялар Қазақстанның ішкі нарығына және ЕАЭО нарығына қол жеткізе алады. Елдің Қытай мен Еуропаның арасындағы географиялық орналасуы Орталық Азия нарықтарына шығуға және халықаралық сауда байланыстарын дамытуға мүмкіндік береді.
02
Конституциялық заң деңгейіндегі құқықтық кепілдіктер
Алатау – дамуы жеке Конституциялық заңмен реттелетін Орталық Азиядағы алғашқы қала. Бұл кәдімгі арнайы экономикалық аймақ режимі емес. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қала үшін дербес құқықтық жүйе қалыптастырады. Оның нормалары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен ратификацияланған халықаралық шарттарды қоспағанда, Қазақстанның өзге де нормативтік құқықтық актілерінен басым қолданылады.
Инвестор үшін Алатаудың арнаулы құқықтық режимі, ең алдымен, құқықтық болжамдылықты білдіреді. Бизнес жүргізудің негізгі қағидаттары, инвесторларға берілетін кепілдіктер мен режим тетіктері жекелеген ведомстволық қағидалар деңгейінде емес, Конституциялық заң деңгейінде бекітілген.
Әлемдік деңгейге бағдар
Арнаулы құқықтық режимдер халықаралық тәжірибеде бизнес пен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қолданылады. Мысалы, Dubai International Financial Centre (DIFC) ағылшын жалпы құқығының қағидаттарына негізделген жеке құқықтық және реттеуші жүйе аясында жұмыс істейді. Оның өз соттары мен тәуелсіз қаржы реттеушісі бар. Мұндай тәсіл халықаралық бизнеске түсінікті іскерлік орта қалыптастырып, DIFC-тің жаһандық қаржы орталығы ретінде дамуына ықпал етті.
03
Бизнеске арналған «бірыңғай терезе» қағидаты
Алатаудың арнаулы құқықтық режимі тіркеу мен лицензиялаудың жеке тетіктерін, 30 жылға дейінгі мерзімге салықтық преференциялар беруді, инвестицияларды қорғау кепілдіктерін және инвестициялық дауларды шешудің арнайы тәртібін көздейді.
Бизнес пен қала арасындағы өзара іс-қимыл «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
Тіркеу, лицензиялау, рұқсаттар алу және басқа да әкімшілік рәсімдер қала әкімшілігі арқылы орталықтандырылады. Инвестор Алатаудың құзыретіне берілген мәселелер бойынша әртүрлі ведомстволарға жүгінуге мәжбүр болмайды: негізгі рәсімдер бірыңғай орталық арқылы және ортақ қағидалар бойынша жүргізіледі.
Әлемдік деңгейге бағдар
Осындай тетіктер басқа да халықаралық инвестициялық орталықтарда қолданылады. Мысалы, Abu Dhabi Global Market (ADGM) орталығында бизнесті тіркеу мен лицензиялауды бірыңғай реттеуші орган – Registration Authority жүзеге асырады. Ирландияда IDA Ireland шетелдік инвесторлар үшін негізгі әріптес ретінде жұмыс істейді. Ол компанияларға қызметін орналастыратын жерді таңдауға, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға, кадрлар іріктеуге және жобаны іске қосу кезінде туындайтын басқа да мәселелерді шешуге көмектеседі.
04
Жаңа қаланың дамуының бастапқы кезеңінде жобаға қатысу мүмкіндігі
Алатау ұзақ мерзімді даму кезеңінің бастапқы сатысында тұр. Қаланың Бас жоспары 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Осы уақытқа қарай қала халқы шамамен 1,87 миллион адамға, ал жұмыс орындарының саны 1 миллионға жуықтауы тиіс.
Инвестор үшін бастапқы кезеңде қатысу жекелеген жобаларға ғана емес, қаланың болашақ нарықтарын қалыптастыруға да атсалысу мүмкіндігін білдіреді. Олардың қатарында өнеркәсіп пен логистика, коммерциялық жылжымайтын мүлік, білім беру мен ғылым, медицина, туризм, цифрлық сервистер және басқа да бағыттар бар.
Әлемдік деңгейге бағдар
Бірыңғай бас жоспар негізінде дамитын ірі қалалық жобалар үшін бастапқы кезеңде қатысу мүмкіндігі тән. Мысалы, Оңтүстік Кореядағы Songdo International Business District бастапқыда инфрақұрылымы мен мамандануы алдын ала жобаланған жаңа халықаралық іскерлік аудан ретінде құрылды. Онда жоғары технологиялар, биомедицина, білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстары (R&D) сияқты бағыттарды дамыту көзделді. Алатау да инвесторларға болашақ экономикалық мамандануы әлі қалыптасып жатқан аумақтар мен бағыттарға бастапқы кезеңде қатысуға мүмкіндік береді.
05
Мемлекет жеке инвестициялар үшін инфрақұрылымдық негіз қалыптастырады
Алатауды дамыту моделі мемлекет пен бизнестің міндеттерін өзара бөлісуге негізделген. Мемлекет қаланың дамуына қажетті негізгі магистральдық және инженерлік инфрақұрылымды қалыптастырады, ал коммерциялық, тұрғын үй, өнеркәсіптік және технологиялық жобалар негізінен жеке капитал есебінен іске асырылады.
Инвестор үшін бұл көлік инфрақұрылымы, инженерлік желілер және жекелеген функционалдық аймақтарды дамыту бірыңғай жүйе аясында жоспарланған қалада жобаны іске асыру мүмкіндігін білдіреді. Осылайша, бизнеске өз жобасын жүзеге асыру үшін қажетті барлық базалық инфрақұрылымды дербес құрудың қажеті жоқ.
Алатау жаңа аумақта салынып жатқандықтан, бизнесті орналастыруды қажетті көлік, инженерлік, цифрлық және әлеуметтік инфрақұрылыммен алдын ала үйлестіруге болады. Бұл аумақты жоспарлау және дамыту кезеңінің өзінде болашақ жобалардың қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
06
Мамандандырылған салалық кластерлер
Алатаудың экономикалық құрылымы бастапқыдан кластерлік қағидат бойынша қалыптастырылуда. Қаланың төрт ауданының әрқайсысының өзіндік мамандануы бар. Олар халықаралық бизнес пен қаржы, білім беру мен ғылым, медицина мен технологиялар, өнеркәсіп пен логистика, туризм және рекреация бағыттарын қамтиды.
Инвестор үшін кластерлік тәсілдің маңызы – жоба айналасында біртіндеп тиісті іскерлік ортаның қалыптасуында. Оның құрамына әріптестер, жеткізушілер, білікті мамандар, ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдары, сервистік компаниялар кіреді.
Алатауда кластерлік қағидат қаланың құрылымына оның қалыптасу кезеңінен бастап енгізілуде. Бұл инвесторға жоба үшін аумақ таңдап қана қоймай, тиісті саланың дамуына бағдарланған іскерлік ортаны да таңдауға мүмкіндік береді.
Әлемдік деңгейге бағдар
Осындай тәсіл Сингапурдағы Jurong Innovation District аумағында да қолданылады. Мұнда озық өндіріс, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (R&D), технологиялық компаниялар мен мамандар даярлау бағыттары бір аумақта шоғырланған. Бұл экожүйенің қатысушылары қатарында Hyundai Motor Group, Bosch Rexroth, Shimano, A*STAR ғылыми-зерттеу институттары және жақын орналасқан Nanyang Technological University бар.
07
Қазақстанның ең ірі агломерациясына қолжетімділік
Алатау Қазақстанның ең ірі іскерлік, қаржылық және кадрлық орталығы – Алматы қаласының маңында дамып келеді. Алматыда шамамен 2,3 миллион адам тұрады, ал Алматы қаласы мен Алматы облысының жиынтық халқы 3,8 миллионға жуықтайды. Алматының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) шамамен 60 млрд АҚШ долларына, ал облыспен бірге есептегенде 73 млрд АҚШ долларына бағаланады.
Қазақстанның қаржы, технология және кәсіби қызмет көрсету салаларының едәуір бөлігі Алматыда шоғырланған. Еліміздегі қаржы саласының жалпы қосылған құнының 58%-ы, ақпарат және байланыс саласының 54%-ы, сондай-ақ Қазақстандағы барлық студенттің 42%-ы Алматы қаласына тиесілі.
Алатаудағы инвестор үшін бұл жобаны іске асырудың алғашқы кезеңінен бастап қалыптасқан нарыққа, білікті кадрларға, қаржы институттарына және іскерлік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігін білдіреді. Ал қаланың өзі дамыған сайын оған жаңа қаланың ішкі сұранысы қосылады.
08
Қалыптасу кезеңіндегі жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі
Алатау дәстүрлі салалармен қатар технологиялары, инфрақұрылымы мен реттеу тетіктері қатар қалыптасып жатқан жаңа бағыттарды дамытуға арналған алаң ретінде де құрылуда.
Соның бір мысалы – CryptoCity. Алатау цифрлық активтер мен оларға байланысты сервистерді реттеудің жаңа модельдері сынақтан өткізілетін пилоттық юрисдикцияны дамыту алаңы ретінде айқындалған. Бұл финтех-жобаларды және цифрлық экономика саласындағы жаңа бизнес-модельдерді дамытуға мүмкіндік береді.
Тағы бір бағыт – қалалық әуе мобильдігі (UAM). Ол жолаушылар тасымалдайтын eVTOL аппараттарын, ұшқышсыз жеткізу жүйелерін, сервистік дрондарды және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқарудың цифрлық жүйелерін қамтиды. 2026 жылдың 19 мамырында Алатауда Орталық Азиядағы алғашқы eVTOL аэротаксиінің демонстрациялық ұшуы өтті. Қазір Қазақстандағы алғашқы вертипорттың құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар заңнамалық база да жетілдірілуде. 2026 жылы Қазақстан озық әуе мобильдігін құқықтық реттеудің негізін алғаш рет бекітті. Оның ішінде eVTOL аппараттары мен вертипорттардың мәртебесі, сондай-ақ мұндай аппараттар мен ұшқышсыз жүйелерді сертификаттауға қойылатын талаптар айқындалды.
Инвестор үшін бұл жаңа нарықтар қалыптасу кезеңінде-ақ оларға қатысып, қажетті инфрақұрылымды, сервистер мен бизнес-экожүйені дамытуға атсалысу мүмкіндігін білдіреді.
09
Халықаралық көлік бағыттарының бойында орналасуы
Өндірістік, логистикалық және экспортқа бағдарланған жобалар үшін Алатаудың артықшылықтарының бірі – Қазақстанның ең ірі мегаполисіне жақын, Алматы мен Қонаев қалаларының арасында және өңірдің негізгі көлік бағыттарының бойында орналасуы.
Алатаудың географиялық орналасуы Қытайды, Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын халықаралық көлік бағыттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олардың қатарында:
- «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі;
- Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ, TITR);
- қаладан шамамен 300 км қашықтықта орналасқан «Қорғас» құрғақ порты;
- көлік қатынасы тұрғысынан тікелей қолжетімді Алматы халықаралық әуежайы бар.
Мұндай орналасу Алатауды Қазақстанның ішкі нарығында жұмыс істеуге арналған алаң ғана емес, сонымен қатар өңірлік және халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігі бар өндірістік, логистикалық және экспорттық жобаларды жүзеге асыру базасы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
10
Инвестициялық экожүйе қазірдің өзінде қалыптасып келеді
Алатау дамудың бастапқы кезеңінде тұрғанымен, инвестициялық белсенділік жоспарлармен ғана шектелмейді:
- 2026 жылдың ортасына қарай қаланың инвестициялық портфеліне жалпы құны шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба енгізілді. Оларды іске асыру 55 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
- Алатаудағы жобаларды Mars және PepsiCo сияқты ірі халықаралық компаниялар да жүзеге асыруда.
Инвестициялар өнеркәсіп пен логистика, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, білім беру, қалалық мобильдік және басқа да технологиялық салаларды қамтиды. Қаланы дамытуға қазақстандық және халықаралық инвесторлар мен технологиялық әріптестер тартылуда.
Жаңа инвестор үшін бұл қалыптасып келе жатқан іскерлік ортаға қосылып, Алатаудың даму кезеңінің бастапқы сатысында жобаларға қатысып жатқан компаниялармен әріптестік орнату мүмкіндігін білдіреді.
Байланыс
Инвестициялау шарттары мен жобаларды сүйемелдеу тәртібі туралы толық ақпарат алу үшін: alataucity.kz.