Инвесторларға берілетін кепілдіктер
Алатау қаласында инвесторлардың инвестицияларын қорғауға, бизнесті жүргізу шарттарының тұрақтылығын және реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық кепілдіктер көзделген. «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңда әділ әрі кемсітусіз қарау, негізсіз араласудан қорғау, жерді мәжбүрлеп иеліктен шығарған жағдайда өтемақы төлеу, сондай-ақ салық пен басқа да міндетті төлемдер төленгеннен кейін кірісті шетелге еркін аудару кепілдіктері бекітілген.
Кепілдіктер кезең-кезеңімен енгізіледі. Шарттардың тұрақтылығы мен жерді мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қатысты нормалар 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданылады. Тексерулердің арнайы қағидалары, валюталық операциялар, инвестицияларды қорғау және инвестициялық дауларды шешу туралы баптар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ал 9-баптағы ашықтық туралы ережелер 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Алатаудағы инвестицияларды құқықтық қорғау жүйесі
73-бап
Қазақстан Республикасы Алатау қаласында инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Заңда инвесторларға әділ, тең және кемсітусіз қарау, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес толық қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделген.
73-бап инвесторлар мен олардың инвестицияларына Қазақстанның екіжақты инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімдері бойынша шетелдік инвесторларға берілетін режимнен кем емес қолайлы режим белгілейді. Бұл кез келген инвесторға барлық халықаралық шарт автоматты түрде қолданылады дегенді білдірмейді.
Әкімшілік қосымша кепілдіктер белгілей алады, бірақ Конституциялық заңда көзделген қорғау деңгейін төмендете алмайды. 73-бап 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Мемлекеттік және әкімшілік органдар адал әрі парасатты әрекет етуге, инвестордың инвестиция салу туралы шешім қабылдаған кезде заңнамаға, мемлекеттік органдардың сендірген мәлімдемелері мен міндеттемелеріне сүйене отырып қалыптастырған негізді күтулерін қорғауға міндетті.
Инвесторларға берілетін бес негізгі кепілдік
1. Тұрақтылық және құқықтық айқындық
14-бап
Алатау қаласының заңнамасына өзгерістер енгізу немесе оның күшін жою қала заңнамасына сәйкес бұрын жасалған шарттар бойынша азаматтық-құқықтық міндеттемелерді өзгертпейді. Бұған дейін берілген бизнес-лицензиялар, реттеуші лицензиялар мен рұқсаттар, сондай-ақ оларда көзделген қызмет шарттары қолданысын сақтайды.
Заң бұрын рұқсат етілген инвестициялық жобалар үшін жағдайларды тек белгілі бір жағдайларда ғана нашарлатуға жол береді: қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны сақтау немесе Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындау қажет болғанда. Әкімшілік әрбір жоба бойынша жеке акт қабылдап, өзгерістерді негіздеуге және өтпелі кезең белгілеуге тиіс.
Салықтарға қатысты жеке тәртіп қолданылады. 44-бапта бизнес-лицензия негізінде Алатау резиденті саналатын заңды тұлғалар басым салаларда іске асыратын жобалар үшін салық режимінің тұрақтылығына 10 жылдық кепілдік көзделген. Бұл мерзім лицензия берілген күннен бастап есептеледі. Заңда кепілдіктен ерекшеліктер де қарастырылған. 44-баптың ережелері 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Ашықтық және жариялылық
9-бап
2027 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін 9-бапқа сәйкес, Алатау қаласы органдарының актілері ашық қолжетімділікке орналастырылғанға дейін күшіне енбейді.
Alatau City Authority (АСА) интернет-ресурсында немесе өзі айқындаған басқа цифрлық ресурста инвестициялық жоба шеңберінде берілген преференциялар, жеңілдіктер және бизнес-лицензияда белгіленген инвестициялық міндеттемелердің сомалары туралы мәліметтер жариялануға тиіс. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша шартта көзделген тиісті мәліметтер ашық жарияланады.
3. Негізсіз тексерулер мен әкімшілік қысымнан қорғау
19 және 42-баптар
42-бапқа сәйкес, Конституциялық заңмен және Alatau City Authority актілерімен реттелетін салаларда бақылауды АСА және ол уәкілеттік берген тұлғалар жүзеге асырады. Орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелері әкімшілік құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша бақылау жүргізуге құқылы емес.
Басқа бірқатар тексерулерді жүргізу үшін АСА-ның алдын ала жазбаша келісімі қажет. Бұл талап барлық тексеруге бірдей қолданылмайды: заң мемлекеттік органдардың жекелеген өкілеттіктерін сақтайды. Айрықша құзыреті шегінде арнайы мемлекеттік органдарға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі органға және қаржылық мониторинг органына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша жүргізілетін тексерулерге және заңда көзделген өзге де жағдайларға мұндай келісім талап етілмейді.
Прокуратура Алатау резиденттері – жеке кәсіпкерлік субъектілерін тек Қазақстан Республикасы Президентінің, Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша немесе Президенттің не Бас Прокурордың келісімімен ғана тексере алады. Бас прокуратура резидентке тексеру басталғанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын хабарлап, оған өз ұстанымын ұсынуға мүмкіндік береді. Адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе қаланың аса маңызды инфрақұрылымының қауіпсіздігіне шұғыл араласуды қажет ететін тікелей қатер төнген жағдайлар бұған кірмейді.
Әкімшілік пен оның органдары қызметінің заңдылығын тексеруге Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ғана құқылы. Мұндай тексеру Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша тексеру прокуратураның соңғы тексеруі аяқталған күннен бастап 36 айда бір реттен жиі жүргізілмеуі мүмкін.
42-баптағы арнайы қағидалар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Олар салықтық әкімшілендіруге қолданылмайды: салықтық бақылау 44-баптың ережелерін ескере отырып реттеледі.
4. Жерді мәжбүрлеп иеліктен шығарған кездегі кепілдіктер (экспроприациядан қорғау)
69-бап
Алатаудың жер қорын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік мұқтаждық үшін жер учаскелері мен олардың үстіндегі жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару – айрықша шара. Оған қаланың ұзақ мерзімді даму жоспарын, бас жоспарын іске асыру, жер қорын қалыптастыру және арнайы құқықтық режимнің міндеттерін орындау үшін жол беріледі.
Мүлікті иеліктен шығару меншік иесінің немесе жер пайдаланушының келісімімен не сот шешімі бойынша, мүліктің нарықтық құнына тең өтемақы төленген жағдайда жүзеге асырылады. Өтемақы меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен қала шегінен тыс басқа жер учаскесін беруді не иеліктен шығарылатын мүліктің нарықтық құнын төлеуді қамтуы мүмкін. Құн бағалау қызметі туралы заңнамаға сәйкес жүргізілген бағалау негізінде айқындалады.
Бірінші кезекте жері алынып қойылатын аумақтар үшін 5 жыл мерзімге бағалаудың ерекше тәртібі белгіленген. Бұл мерзім 2025 жылғы 26 қыркүйектен – Алатауға арнайы мәртебе беру туралы Президенттің № 1015 Жарлығы қабылданған күннен бастап есептеледі. Осы кезеңдегі нарықтық құнның өзгерісі ескерілмейді. Бұл ретте құн Кеңестің шешімі бойынша Alatau City Authority белгілейтін қағидаларға сәйкес индекстеледі.
Иеліктен шығару туралы хабарлама алғаннан кейін салынған жаңа құрылысқа немесе жүргізілген реконструкцияға байланысты шығындар мен залал өтелмейді. Бұл шектеу объектіні кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, реставрациялауға және күрделі жөндеуге де қатысты.
5. Капитал қозғалысының еркіндігі және кірісті шетелге аудару
46-бап
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін 46-бап инвестициялық жобаларды іске асыру үшін капитал қозғалысының еркіндігін, оның ішінде шетел валютасындағы капиталды шектеусіз енгізу мүмкіндігін көздейді. Резиденттер уәкілетті және шетелдік банктерде ұлттық және шетел валютасында шоттар ашуға, шарттар бойынша шетел валютасымен есеп айырысуға және валютаны нарықтық бағам бойынша сатып алуға құқылы.
Салықтар мен басқа да міндетті төлемдер төленгеннен кейін кірісті, яғни Алатаудағы қызметтен түскен пайданы шетелге еркін аударуға болады. Капитал қозғалысына байланысты валюталық шарттар бойынша резиденттердің төлемдері мен аударымдарына шектеулер қолданылмайды. Бұған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптары кірмейді.
Валюталық реттеу және бақылау тәртібі Кеңестің шешімі бойынша Қазақстанның Ұлттық Банкімен келісілген әкімшілік актісімен белгіленеді.
Инвестициялық дауларды шешу
74-бап
Инвестициялық дауды келіссөздер арқылы реттеуге бір тараптың екінші тарапқа жазбаша өтініш жасаған күнінен бастап 3 ай беріледі. Тараптар өзге мерзім туралы келісуі мүмкін. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда инвестор дауды өз таңдауы бойынша мына органдардың қарауына бере алады:
- Қазақстан Республикасының соттары
- АХҚО Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) – iac.aifc.kz
- Дүниежүзілік банк жанындағы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық (ИКСИД) – icsid.worldbank.org. ИКСИД-тің Қосымша тетігі – ИКСИД конвенциясына қатыспайтын мемлекеттердің инвесторлары үшін
- Халықаралық сауда палатасы жанындағы Халықаралық төрелік сот (ICC) – Париж
- Лондон халықаралық төрелік соты (LCIA) – Лондон
- Стокгольм сауда палатасының Төрелік институты (SCC) – Стокгольм
- ЮНСИТРАЛ регламенті бойынша Ad hoc төрелігі – uncitral.un.org
Инвестициялық талапты талап қоюшы тарап өз құқықтарының бұзылғанын білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап 5 жыл ішінде қоя алады.
Төрелік шешімдер түпкілікті және тараптар үшін міндетті. Оларды тану және орындау тиісті төрелік шешіміне қолданылатын тетік бойынша жүзеге асырылады. Сондықтан орындау тәртібін барлық жағдайда тек Нью-Йорк конвенциясымен байланыстыруға болмайды.
Конституциялық заңда Қазақстан Республикасының 74-бап тәртібімен инвестициялық дауларды қарауға алдын ала келісімі бекітілген. Әкімшіліктің немесе басқа әкімшілік органның қосымша келісімі қажет болған жағдайда, оны Қазақстан Үкіметі қамтамасыз етеді. Инвестор өз келісімін жазбаша түрде немесе төрелікке жүгінген кезде білдіреді. 74-бап 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Негізгі деректер
Құқықтық негізі
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII Конституциялық заңының 9, 14, 19, 42, 44, 46, 69, 73–74-баптары. Заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді, оның нормалары кезең-кезеңімен енгізіледі
Шарттардың тұрақтылығы
қала заңнамасының өзгеруі оған сәйкес бұрын жасалған шарттар бойынша азаматтық-құқықтық міндеттемелерді өзгертпейді
Салық режимінің тұрақтылығы
Бизнес-лицензия берілген күннен бастап 10 жыл. Кепілдік басым салалардағы жобаларды іске асыратын резидент заңды тұлғаларға қолданылады
Инвестициялық талап қою мерзімі
талап қоюшы тарап құқықтарының болжамды бұзылғанын білген немесе білуге тиіс болған кезден бастап 5 жыл
Келіссөздер мерзімі
тараптар өзге мерзімге келіспесе, жазбаша өтініш жасалған күннен бастап 3 ай
Әкімшілікті прокуратураның тексеруі
Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша жүргізілетін тексерулер прокуратураның соңғы тексеруі аяқталғаннан кейін 36 айда бір реттен жиі жүргізілмейді
Жерді иеліктен шығарғаны үшін өтемақы
мүліктің нарықтық құнына тең өтемақы төленеді; бірінші кезекте иеліктен шығарылатын аумақтар үшін бағалаудың ерекше тәртібі көзделген
Кірісті шетелге аудару
салықтар мен басқа да міндетті төлемдер төленгеннен кейін, қаржылық бақылау талаптарын ескере отырып, еркін жүзеге асырылады
Негізгі кезеңдер
14 және 69-баптар – 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап; 42, 44, 46, 73 және 74-баптар – 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап; 9-бап – 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап