Салықтық преференциялар
Алатау қаласында «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның 44-бабымен реттелетін арнайы салық режимі көзделген. Бұл режим инвестициялық жобаларды іске асыратын резиденттерге салықтық преференциялар беруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында салық мөлшерлемелерін төмендету, жекелеген салықтардан босату, қосымша шегерімдер және салықтық қолдаудың өзге де шаралары бар. Қала дамуының ұзақ мерзімді жоспарына, бас жоспарына және даму стратегиясына сәйкес келетін жобаларға мұндай преференциялар 30 жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін.
44-бап 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Нақты жеңілдіктер мен оларды қолдану шарттары әкімшілік актілерімен және тиісті бизнес-лицензиямен айқындалады.

Алатаудың салық режимі ұсынатын негізгі мүмкіндіктер
- 30 жылға дейінгі мерзімге салықтық преференциялар
- 10 жыл бойы салық режимінің тұрақтылығына берілетін кепілдік. Бұл кепілдік бизнес-лицензия алған резидент заңды тұлғалар басым салаларда іске асыратын инвестициялық жобаларға қолданылады
- Алдын ала салықтық шешім қабылдау тетігі (Tax Ruling)
- Жекелеген салықтардан босату немесе олардың мөлшерлемелерін төмендету мүмкіндігі
- Преференцияларды ашық әрі жария түрде ұсыну
- Салықтық жеңілдіктерді теріс пайдалануға жол бермейтін шектеулер
Алатаудағы салықтық преференция дегеніміз не?
5-баптың 1-тармағының 25-тармақшасы
Салықтық преференция дегеніміз – инвестициялық жобаны іске асыру үшін Алатау резидентіне берілетін салық салудың жеңілдетілген шарттары. Жобаның талаптарына қарай мұндай преференциялар салық мөлшерлемелерін төмендетуді, жекелеген салықтар мен міндетті төлемдерден толық немесе ішінара босатуды, қосымша салықтық шегерімдерді, сондай-ақ қаладағы арнайы салық режимі шеңберінде салық салу объектісін немесе салық базасын өзгертуді қамтуы мүмкін.
Алатаудағы салықтық преференциялардың түрлері
44-баптың 7-тармағы
Арнайы салық режимі салықтың негізгі түрлері бойынша преференциялар беруді көздейді. Салық түріне қарай олар төлемнен толық немесе ішінара босатуды, төмендетілген салық мөлшерлемелерін немесе қосымша салықтық шегерімдерді қамтуы мүмкін.
Төмендегі тізімде заң бойынша қандай салықтарға қатысты преференциялар қарастырылуы мүмкін екені көрсетілген. Бұл барлық резиденттер үшін бірыңғай нөлдік мөлшерлеме белгіленгенін білдірмейді.
- Корпоративтік табыс салығы (КТС). Преференциялар бизнес-лицензиялауға жататын қызметтен түсетін табысқа, оң бағамдық айырмаға және инвестициялық жоба бойынша депозиттерге есептелетін сыйақыға қолданылуы мүмкін. Заңда сондай-ақ Алатау резидентінен дивиденд, пайыз және роялти түрінде табыс алатын бейрезиденттерге қатысты преференциялар беру мүмкіндігі көзделген. Пайыздар мен роялтиге қатысты халықаралық бастамалар мен Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптары ескеріледі.
- Жеке табыс салығы (ЖТС). Преференциялар Алатау резиденттерімен еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін, Қазақстанның салық резиденттері деп танылған жоғары білікті шетелдік мамандардың табысына қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар қала резиденттерінен дивиденд алатын бейрезиденттердің табысына, құн өсімінен түсетін табысқа, мүліктік табысқа және әкімшілік актілерде айқындалған қамтамасыз етілген цифрлық активтер бойынша жеке тұлғалардың табысына қатысты преференциялар беру мүмкіндігі қарастырылған.
- Әлеуметтік салық. Преференциялар Алатау резиденттерінің қызметкерлеріне табыс төлеуге байланысты жұмыс берушілердің шығыстарына қолданылуы мүмкін.
- Қосылған құн салығы (ҚҚС). Жекелеген тауарларды импорттау, сондай-ақ бейрезиденттерден жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде преференциялар берілуі мүмкін. Тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін Кеңестің шешімі негізінде әкімшілік актілері айқындайды. Еркін кеден аймағының кедендік рәсіміне орналастырылған жекелеген тауарларды қала аумағында өткізуге 0% мөлшерлемесі бойынша ҚҚС салынуы мүмкін. Мұндай тауарлардың тізбесі де әкімшілік актілермен бекітіледі.
- Жер салығы және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы. Заң қала аумағында орналасқан салық салу объектілеріне қатысты преференциялар беруге мүмкіндік береді. Салықтан босатудың немесе салық жүктемесін төмендетудің нақты шарттарын әкімшілік актілері айқындайды.
- Мүлік салығы. Қала шекарасындағы салық салу объектілерін мүлік салығынан толық немесе ішінара босату мүмкіндігі қарастырылған.
- Басқа да міндетті төлемдер. Өзге салықтар мен міндетті төлемдер бойынша преференциялар инвестициялық жоба құнының жиынтық көлемінен 10%-ға дейін берілуі мүмкін. Бұл шектен асатын преференцияларды ұсыну шарттары Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен бекітіледі.
Салықтық преференциялардың нақты түрлері мен оларды беру шарттары Алатау қаласы Кеңесінің шешімі негізінде қабылданатын Alatau City Authority әкімшілік-құқықтық актілерімен айқындалады.
Преференцияларды кім береді және оларды алу құқығын қалай сақтауға болады?
44-бапқа сәйкес, преференцияларды бизнес-лицензиялау шеңберінде қала әкімшілігі – Alatau City Authority (АСА) береді және олардың қолданылуын бақылайды. Жобаны бағалау кезінде оның стратегиялық құжаттарға сәйкестігі, экономиканың басым секторларына жатуы, экспортқа бағдарлануы, инновациялық сипаты, экологиялық талаптарға сәйкестігі және өзге де көрсеткіштері ескеріледі.
Резидент әрбір салық кезеңінде преференцияларды беру талаптарына сай болуы тиіс. Жеңілдікті шарттармен жүзеге асырылатын қызмет пен жалпыға бірдей белгіленген шарттардағы қызмет бойынша салық есебі бөлек жүргізілуі керек.
Резидент пен онымен өзара байланысты тұлғалар бір табысқа қатысты Алатау туралы Конституциялық заңда көзделген преференциялар мен Қазақстанның басқа нормативтік-құқықтық актілерінде қарастырылған преференцияларды бір мезгілде қолдана алмайды.
Салықтық преференциялардың қолданылу мерзімі
44-баптың 3, 4 және 5-тармақтары
- Салықытық преференциялардың ең ұзақ мерзімі: 30 жылға дейін
- Салық режимінің тұрақтылығына беріліетін кепілдік: Бизнес-лицензия берілген күннен бастап 10 жыл. Кепілдік басым салалардағы жобаларды іске асыратын резидент заңды тұлғаларға қолданылады
- Заңнама өзгерген жағдайда өтпелі кезең (44-баптың 5-тармағында көзделген негіздер бойынша): Уәжді әкімшілік акт жіберілген күннен бастап кемінде 3 жыл
- 44-баптың қолданысқа енгізілуі: 2027 жылғы 1 қаңтар
Салықтық преференциялар қала дамуының ұзақ мерзімді жоспарына, бас жоспарына және даму стратегиясына, сондай-ақ арнайы құқықтық режимнің міндеттеріне сәйкес келетін жобаларға 30 жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін.
Алатаудың басым салаларында бизнес-лицензия негізінде жұмыс істейтін резидент заңды тұлғалар іске асыратын инвестициялық жобалар үшін бизнес-лицензия берілген күннен бастап салық режимінің тұрақтылығына 10 жылдық кепілдік қарастырылған. Бұл кезең ішінде тиісті қызметке жаңа салықтар енгізілмейді, салық мөлшерлемелері көтерілмейді және салық жүктемесінің артуына әкелетін салық есептеу қағидалары өзгертілмейді.
Салық режимінің тұрақтылығы
44-баптың 4, 5 және 6-тармақтары
44-баптың 4-тармағында белгіленген кепілдік аясында резидент заңнамаға енгізілген өзгерістер бұрын берілген преференцияларды шектеген немесе күшін жойған жағдайда да оларды пайдалану құқығын сақтайды. Ол бизнес-лицензияда белгіленген талаптар мен мерзімдерге сәйкес жеңілдіктерді қолдануды жалғастыра алады.
Салық режимінің тұрақтылығына берілетін кепілдік мынадай жағдайларда шектелуі мүмкін:
- Арнайы негіздер бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілген жағдайда. Бұл Алатау қаласының қоршаған ортаны қорғау, қалалық ортаны дамыту, адам өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында салықтар мен міндетті төлемдерге қатысты заңнамасына енгізілетін өзгерістерге қатысты. Мұндай өзгерістер әкімшіліктің нақты инвестициялық жобаға қатысты қабылданған уәжді әкімшілік актісі негізінде қолданылады. Бұл жағдайда өтпелі кезең әкімшілік акт жіберілген күннен бастап кемінде 3 жылды құрауы тиіс.
- Бизнес-лицензия талаптары мен инвестициялық жобаны іске асыру шарттары елеулі түрде бұзылған жағдайда. Мұндай жағдайда салық режимінің тұрақтылығына берілген кепілдік тоқтатылуы немесе уақытша тоқтатыла тұруы мүмкін. Тиісті шешімді әкімшілік тек уәжді әкімшілік акт негізінде қабылдайды.
Салықтық преференциялар қолданылмайтын қызмет түрлері
44-баптың 10-тармағы
Салықтық преференциялар мынадай қызмет түрлеріне берілмейді:
- есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының айналымына байланысты қызмет;
- акцизделетін өнімдерді өндіру және (немесе) көтерме саудада өткізу;
- лотерея өткізу;
- радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызмет;
- Кеңестің шешімі негізінде әкімшілік актілерде көзделген өзге де қызмет түрлері.
Заңда есірткі құралдарына, олармен бірге аталған заттарға және радиоактивті материалдарға қатысты ерекшеліктер көзделген. Атап айтқанда, оларды тиісті білім беру, ғылыми және медициналық ұйымдарда ғылыми-зерттеу немесе медициналық мақсатта пайдалануға рұқсат етіледі.
Ашықтық: қандай ақпарат жарияланады?
9-бап
Ашықтық қағидаты – Алатау қаласының арнайы құқықтық режимінің негізгі элементтерінің бірі. 9-баптың ережелері 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі. Олар әкімшіліктің интернет-ресурсында немесе өзі айқындаған басқа цифрлық ресурста ақпарат жариялауды көздейді.
Міндетті түрде жариялануға тиіс ақпарат:
- Алатау қаласы органдарының барлық нормативтік-құқықтық және өзге де актілері;
- инвестициялық міндеттемелердің көлемі туралы мәліметтер;
- инвестициялық жоба аясында берілген, бизнес-лицензияда, ал мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша тиісті шартта айқындалған жеңілдіктер мен преференциялар туралы мәліметтер.
9-бапқа сәйкес, қала органдарының актілері ашық қолжетімділікке орналастырылғанға дейін күшіне енбейді. Ал инвестициялық міндеттемелер мен берілген преференциялар туралы осы бапта көрсетілген мәліметтер құпия ақпаратқа жатпайды.
Қаржылық тұрақтылық қағидаты: теріс пайдаланудың алдын алу
15-бап және 44-баптың 3-тармағы
Алатаудағы салықтық преференциялар қала аумағындағы экономикалық қызметті дамыту мақсатында беріледі. Оларды Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінде іс жүзінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық жүктемесін төмендету үшін ғана пайдалануға жол берілмейді.
44-бапқа сәйкес, салықтық преференциялар мынадай жағдайларда қолданылмайды:
- Қазақстан Республикасының басқа аумағында дәл сол қызмет түрі бойынша салық міндеттемелерінің азаюына әкелетін өзара байланысты тұлғалар арасындағы операциялар кезінде;
- өндірістік, технологиялық, өткізу немесе маркетингтік функцияларды Алатауға көшіру Қазақстан Республикасының басқа аумағындағы салық міндеттемелерінің азаюына әкелген жағдайда;
- Қазақстанның қалған аумағында тіркелген компаниялардың акциялары мен қатысу үлестерін тікелей немесе жанама иеленуден және (немесе) басқарудан түсетін табысқа;
- материалдық емес активтер Алатау аумағында жасалмаған, пайдаланылмаған немесе коммерцияландырылмаған жағдайда, олардан түсетін табысқа;
- тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету бойынша негізгі қызмет іс жүзінде Қазақстанның басқа аумағында жүзеге асырылған жағдайда, осындай қызметтен түсетін табысқа;
- салық саясаты саласындағы уәкілетті органның ұсынымдарын ескере отырып, әкімшілік актілерінде айқындалған өзге де табыстар мен қызмет түрлеріне.
Салықтық преференцияларды заңсыз пайдалануға бағытталған операциялар мен мәмілелер Алатау қаласы әкімшілігінің немесе Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Алдын ала салықтық шешім (Tax Ruling): салықтық тәуекелдерді азайту
44-баптың 12-тармағы
Салықтық тәуекелдерді азайту үшін Алатау резиденттері алдын ала салықтық шешім қабылдау (Tax Ruling) тетігін пайдалана алады. Бұл тетік жоспарланып отырған нақты мәмілеге салық нормаларын қолдану жөніндегі әкімшіліктің ұстанымын алдын ала алуға мүмкіндік береді.
Резидент жоспарланған мәмілені алдын ала қарау туралы өтінішпен әкімшілікке жүгіне алады. Өтінішті қарау нәтижесінде әкімшілік өз нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген тәртіп пен мерзімдерге сәйкес алдын ала салықтық шешім береді.
Алдын ала салықтық шешім мына екі шарт орындалған жағдайда міндетті күшіне енеді:
- резидент шешім қабылдау үшін маңызы бар мәміленің барлық мән-жайын толық әрі шынайы түрде ашып көрсеткен болса;
- мәміле ұсынылған шарттарға сәйкес жүзеге асырылса.
Бұл жағдайда қабылданған шешімді Алатау қаласының әкімшілігі, мемлекеттік кірістер органдары және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдары осы резидент пен нақты мәмілеге қатысты орындауға міндетті. Әкімшілік мәміле жасалғанға дейін де, одан кейін де қабылданған шешімді өзгерте алмайды.
Осындай алдын ала түсіндірме беру тетіктері басқа елдерде де қолданылады. Сингапурда – Advance Ruling, Біріккен Араб Әмірліктерінде – Private Clarifications, Ирландияда – opinions және confirmations тетіктері бар. Олардың заңды күші, қолданылу мерзімі және қайта қарау шарттары әртүрлі. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше көптеген елдерде де осындай тетіктер қарастырылған.
Алдын ала салықтық шешім әкімшілік белгілеген ақыға беріледі. Бұл тетік те 44-баптың басқа ережелері сияқты 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Негізгі деректер
Құқықтық негізі
ҚР № 286-VIII Конституциялық заңының 44-бабы
44-бап бойынша салық режимінің қолданысқа енгізілуі
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап
Преференциялардың ең ұзақ мерзімі
30 жылға дейін
Салық режимінің тұрақтылығы
Бизнес-лицензия берілген күннен бастап 10 жыл. Кепілдік басым салалардағы жобаларды іске асыратын резидент заңды тұлғаларға қолданылады
Өтпелі кезең
44-баптың 5-тармағында көзделген негіздер бойынша өзгерістер енгізілген жағдайда кемінде 3 жыл
ҚҚС-тың 0% мөлшерлемесі
Алатауда еркін кеден аймағының кедендік рәсіміне орналастырылған жекелеген тауарларды өткізу кезінде әкімшілік бекіткен тізбеге сәйкес қолданылуы мүмкін
Преференцияларды беруші
бизнес-лицензиялау шеңберінде АСА
Ашықтық
9-бапқа сәйкес инвестициялық міндеттемелер мен преференциялар туралы мәліметтерді жариялау 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асырылады
Алдын ала салықтық шешім
көзделген, ақылы негізде беріледі
Қолдану шарттары
әрбір салық кезеңінде белгіленген талаптарға сәйкестік және салық есебін бөлек жүргізу