Алатау Қазақстанның басқа қалаларынан несімен ерекшеленеді?
Алатауда қаланы басқару мен бизнесті жүргізудің ерекше тәртібін белгілейтін арнаулы құқықтық режим қолданылады. Ол бизнесті лицензиялау, салықтық жеңілдіктер беру және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін қамтиды. Жаңа технологияларды сынақтан өткізу үшін эксперименттік құқықтық режимдер енгізілуі мүмкін.
Режимнің нормалары Конституция мен ратификацияланған халықаралық шарттарды қоспағанда, Қазақстанның өзге заңнамалық актілерінен басым қолданылады. Қаланың жедел даму мәртебесі 2050 жылға дейін белгіленген. Осы кезеңде Алатау қаласының бюджетінен республикалық бюджетке қаражат аударуға тыйым салынады.
Алатауды басқаруға Alatau City Authority мен Қала кеңесі қатысады. Әкімдік жергілікті атқарушы органның, ал мәслихат жергілікті өкілді органның функцияларын орындайды.
Алатау қаласы мен «Alatau» арнайы экономикалық аймағының айырмашылығы неде?
«Alatau» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) – белгіленген талаптарды орындаған қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер берілетін аумақ. АЭА тетіктері Алатауды инвестиция, технология және кәсіпкерлік орталығы ретінде дамытуға бағытталған.
Аймақ 2023 жылғы 15 наурызда Үкімет қаулысымен «G4 City» атауымен құрылды. Сол жылы тұжырымдама қайта қаралып, төрт серіктес қаланың орнына төрт ауданнан тұратын біртұтас қала құру жоспарланды. 2023 жылғы 26 желтоқсанда аймақтың атауы «Alatau» арнайы экономикалық аймағы болып өзгертілді.
Қала мен арнайы экономикалық аймақтың шекаралары бір-біріне сәйкес келмейді. Алатау қаласының аумағы шамамен 88 000 гектарды құрайды. 2023 жылы атауы өзгертіліп, аумағы кеңейтілгеннен кейін АЭА аумағы 96,5 мың гектар болды. 2025 жылғы 20 қарашадағы № 990 Үкімет қаулысымен оның аумағы 98 982,98 гектарға дейін, яғни шамамен 99 мың гектарға ұлғайтылды.
2026 жылы «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Оның нормалары 2026 жылғы 1 шілдеден бастап кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіледі. Заң инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған жағдайлармен қатар, қаланы басқару, бюджеттік қатынастар, инфрақұрылым, цифрландыру және бизнестің құқықтарын қорғау мәселелерін қамтитын кең ауқымды құқықтық модель қалыптастырды. Өтпелі кезеңде арнайы экономикалық аймақтың тетіктері заңнаманың өтпелі ережелерінде белгіленген тәртіппен қолданыла береді.
Digital by default дегеніміз не?
Digital by default – қаланы басқару жүйесіндегі сервистер мен процестерді бастапқыдан цифрлық ортада жұмыс істеуге бейімдеп жобалау қағидаты. Ол Конституциялық заңда бекітілген және Алатаудың технологиялық даму моделінің негізін құрайды.
Осы қағидатқа Smart City тұжырымдамасы негізделеді. Ол тұрғындар мен бизнеске арналған цифрлық сервистерді және қаланың цифрлық егізін қамтиды. Тағы бір бағыт – цифрлық активтерді реттелетін ортада пайдалануға байланысты CryptoCity. Қазіргі уақытта CryptoCity бағыты бойынша операциялық қағидалар әлі бекітілмеген.
Алатаудың цифрлық моделі қолданыстағы шағын аудандар мен кәсіпорындарды да, қаланың жаңадан салынатын аудандарын да қамтуға арналған.
Қаланың аудандары мен экономикасы қалай байланысады?
Сингапурдың Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленген Алатаудың бас жоспарында төрт аудан қарастырылған:
- Gateway – бизнес және қаржы;
- Administrative City Center – ғылым, білім беру және медицина;
- Growing – өнеркәсіп және логистика;
- Green – туризм және демалыс.
Әр ауданда негізгі мамандану бағытына арналған нысандармен қатар тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылым да қарастырылған.
Алатау қандай қаражатқа салынады?
Конституциялық заң жеке инвестициялардың басымдығын бекітеді. Қазақстандық және шетелдік инвесторлар коммерциялық, тұрғын үй, өндірістік және технологиялық нысандарды қаржыландырады. Бюджет қаражаты көлік, коммуналдық, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.


