Алатау туралы Конституциялық заң
«Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII Конституциялық Заңы қаланы басқарудың, бизнесті жүргізудің және инвестиция тартудың ерекше шарттарын белгілейді. Алатауға қарқынды дамитын қала мәртебесі беріледі. Заңда қаланың дербес басқару жүйесі, салықтық және кедендік тетіктері, сондай-ақ жеке инвестицияларды қорғау кепілдіктері көзделген.
Заңның негізгі ережелері кезең-кезеңімен: 2026 жылдың 1 шілдесінен, 2027 жылдың 1 қаңтарынан және 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі. Жекелеген нормаларды қолдану мерзімдері 90-бапта айқындалған.

Арнаулы құқықтық режим дегеніміз не
Арнаулы құқықтық режим Алатау қаласын басқару мен дамытуға қатысты жеке қағидалар белгілеуге мүмкіндік береді. Ол Қазақстанның құқықтық жүйесі шеңберінде қолданылады.
Алатау қаласының заңнамасына Қазақстан Республикасының Конституциясы, Алатау туралы Конституциялық заң, оны іске асыру үшін қабылданған Президент пен Үкіметтің нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ Конституциялық заң негізінде қабылданған қала әкімшілігінің, мәслихатының, әкімдігінің және әкімінің нормативтік құқықтық актілері кіреді.
Бұл актілер арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың бір бөлігі болып саналады. Арнаулы құқықтық режим туралы заңнамаға сондай-ақ Конституциялық заңды іске асыру мақсатында қабылданған өзге де уәкілетті органдардың, оның ішінде орталық мемлекеттік органдардың, Ұлттық Банктің, Алматы облысы мен Алматы қаласының жергілікті атқарушы және өкілді органдарының актілері кіреді.
Арнаулы режим мемлекеттік басқару, инвестициялар, кәсіпкерлік, салық салу, кедендік реттеу, цифрландыру, қала құрылысы және еңбек қатынастары салаларын қамтиды. Жалпы ереже бойынша, ол қылмыстық заңнамаға, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары туралы заңнамаға, сондай-ақ 4-бапта көрсетілген өзге де салаларға қолданылмайды. Конституциялық заңның өзінде бұған қатысты ерекшеліктер көзделуі мүмкін.
Режим Алатаудың жұмыс істеуі мен дамуына байланысты қоғамдық қатынастарға қолданылады. Оның жекелеген ережелері қала маңындағы аймақта да күшіне енеді. Қала аумағынан тыс жерлерде бұл нормалар заңда көзделген жағдайларда ғана қолданылады. Мысалы, Алатаудың жұмысын қамтамасыз ететін көлік немесе энергетикалық инфрақұрылымды дамыту кезінде.
Арнаулы құқықтық режимнің мақсаты – қаланың жұмыс істеуі мен қарқынды дамуына жеке инвестициялар тартуға жағдай жасау және сол арқылы Қазақстан экономикасының дамуына ықпал ету.
Арнаулы құқықтық режимнің міндеттері
Заңның 7-бабында бес міндет айқындалған:
1. Алатауды халықаралық маңызы бар экономикалық, технологиялық, ғылыми-білім беру, сауда-ойын-сауық және инвестициялық орталық ретінде қалыптастыруға жағдай жасау.
2. Адами капиталды, инвестициялар мен технологияларды тарту және дамыту үшін дербес құқықтық әрі әкімшілік режим қалыптастырып, оның ұзақ мерзімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
3. Инвестицияларға берілетін кепілдіктер мен олардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыру.
4. «Ақылды қала» қалыптастыру үшін ғылым жетістіктері мен технологиялық инновацияларды қолдану.
5. Қалалық ортаны реттеу мен басқарудың озық тәсілдерін енгізу.
Арнаулы құқықтық режимнің сегіз қағидаты
Конституциялық заңның 8-бабында Алатауды басқару мен дамытудың сегіз қағидаты көрсетілген. Оның бесеуі 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданылады. Қалған үшеуі – ашықтық, «бірыңғай терезе» және цифрлық басымдылық қағидаттары 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізіледі.
- Ашықтық. Заң қала органдарының актілеріне ашық қолжетімділікті көздейді: олар жарияланғанға дейін күшіне енбеуге тиіс. Инвестициялық міндеттемелер мен жобалар аясында берілген жеңілдіктер туралы мәліметтер де заңда белгіленген көлемде жариялануға жатады.
- Аумақтылық. Арнаулы қағидалар Алатаудың жұмыс істеуі мен дамуына байланысты қатынастарға қолданылады. Оларды қала аумағынан тыс жерде қолдануға заңда көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.
- «Бірыңғай терезе». Alatau City Authority әкімшілігінің тіркеу, лицензиялау, рұқсат беру және өзге де реттелетін мәселелер бойынша қызметтері цифрлық жүйелер арқылы орталықтандырылған түрде көрсетілуге тиіс.
- Цифрлық басымдылық. Заң қала шаруашылығы мен инфрақұрылым туралы деректерді бірыңғай цифрлық платформаға біріктіруді көздейді. Ішкі әкімшілік рәсімдер әуел бастан цифрлық форматта әзірленуге тиіс.
- Субсидиарлық. Алатауды басқару және реттеу мәселелерін қала органдары өз өкілеттіктері шегінде шешеді. Үкімет пен орталық мемлекеттік органдар қаланың дамуына және оның органдарының жұмысына жәрдемдесуге тиіс.
- Тұрақтылық. Қала заңнамасына енгізілген өзгерістер бұрын жасалған азаматтық-құқықтық шарттардың талаптарын өзгертпеуге тиіс. Заңда берілген лицензиялар мен рұқсаттардың қолданысын сақтау және инвестициялық жобалардың шарттарын нашарлататын жаңа талаптарды қолдануды шектеу де көзделген.
- Қаржылық орнықтылық. Салықтық преференциялар Қазақстанның өзге аумақтарындағы салық түсімдерінің азаюына әкелмеуге тиіс. Цифрлық активтермен жасалатын операцияларға қатысты заң негізгі бизнестің қалада жүргізілуі талабын белгілейді.
- Жеке инвестициялардың басымдығы. Алатауды дамыту жеке капиталға негізделуге тиіс. Бюджет қаражаты көлік, коммуналдық, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталуы мүмкін.
Негізгі құқықтық ұғымдар
Заңның 5-бабында арнаулы режимге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын ұғымдар белгіленген:
- Алатау резиденті – тиісті құқықтық мәртебе берілген жеке немесе заңды тұлға. Қалада тұру немесе бизнесті тіркеу өздігінен резидент мәртебесін алуды алмастырмайды.
- Бизнес-лицензия – резиденттің Алатауда кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығын растайтын және осындай қызметтің рұқсат етілген түрлері мен шарттарын айқындайтын құжат.
- Реттеуші лицензия – біліктілік және өзге де белгіленген талаптарды сақтауды қажет ететін белгілі бір қызмет түрімен айналысу құқығын растайтын құжат.
- Реттеуші рұқсат – жекелеген операцияны жүзеге асыруға, жобаны іске асыруға немесе эксперименттік құқықтық режимге қатысуға мүмкіндік беретін құжат не шешім.
Бизнес-лицензиялау, заңды тұлғалардың резиденттігі, реттеуші лицензиялар мен рұқсаттарға қатысты ережелер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Заңнама иерархиясы
Заңның 3-бабы Алатаудың арнайы қағидаларының Қазақстанның өзге заңнамасымен арақатынасын айқындайды:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы жоғары заңдық күшке ие.
- Ратификацияланған халықаралық шарттар Алатау туралы Конституциялық заңнан басым болады.
- Арнаулы режим қамтитын мәселелер бойынша басқа нормативтік құқықтық актілермен қайшылық туындаған жағдайда, арнаулы құқықтық режим туралы заңнаманың нормалары қолданылады.
- Қазақстан заңнамасының өзге нормалары арнаулы режимде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
Бұл арнаулы нормалар Алатауда тек арнаулы құқықтық режим реттейтін мәселелерге қатысты қолданылады дегенді білдіреді. Қалған мәселелер бойынша қалада Қазақстанның жалпы заңнамасы қолданылады.
Инвесторларға берілетін кепілдіктер
Заңда инвесторларды қорғаудың бірнеше негізгі бағыты көзделген.
1. Шарттардың тұрақтылығы. 14-бап бұрын жасалған шарттардың тұрақтылығын қорғайды, сондай-ақ берілген лицензиялар мен рұқсаттардың қолданысын сақтауды көздейді. Инвестициялық жобалардың талаптарын нашарлататын жаңа талаптарды қолдану заңмен шектелген.
2. Негізсіз араласудан қорғау. 73-бап инвесторларды мемлекеттік органдардың озбыр және кемсітушілік сипаттағы шараларынан, негізсіз қысымынан және қызметіне араласуынан қорғайды.
3. Инвестициялық дауларды шешу. 74-бапта белгіленген талаптар сақталған жағдайда келіссөздер жүргізу, Қазақстан соттарына жүгіну немесе халықаралық төрелікке жүгіну мүмкіндігі қарастырылған. Көзделген тетіктердің қатарында АХҚО Халықаралық төрелік орталығы мен ИКСИД бар.
4. Әділ және тең қарым-қатынас. 73-бап инвестордың негізді үмітін қорғауды, сот төрелігіне қол жеткізуін және тиісті құқықтық рәсімдердің сақталуын бекітеді.
14-бап 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданылады. 73 және 74-баптардың ережелері 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Заң мәтіні
«Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII Конституциялық Заңы.
Конституциялық заң туралы негізгі деректер
Құжат
Қазақстан Республикасының «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңы
Нөмірі мен күні
2026 жылғы 8 мамырдағы № 286-VIII ҚРЗ
Қала мәртебесі
даму қарқыны озық қала
Нормаларды қолданысқа енгізудің негізгі кезеңдері
2026 жылдың 1 шілдесі, 2027 жылдың 1 қаңтары, 2027 жылдың 1 шілдесі
Баптар саны
90
Тараулар саны
5
Қағидаттар саны
8
Мақсаты
Алатауға жеке инвестициялар тартуға және қаланы қарқынды дамытуға жағдай жасау