Инвесторлардың қатысу форматтары
Инвесторлар Алатауды дамытуға девелопмент пен өнеркәсіптік өндірістен бастап технологиялық, білім беру, медициналық және туристік жобаларға дейінгі түрлі форматта қатыса алады. Жобаға қатысу шарттары қызмет түрі мен оның параметрлеріне байланысты айқындалады. Инвесторлармен өзара іс-қимыл қала әкімшілігі арқылы «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша орталықтандырылады.

Қатысу форматын қалай таңдауға болады
Әр формат Алатауды дамытуға қатысудың үлгілік моделін сипаттайды.
Нақты жобаларда бірнеше форматтың элементтері қатар қолданылуы мүмкін. Іске асыру шарттары, соның ішінде салықтық преференциялар алу мүмкіндігі, жер учаскесін беру және инвестордың қалада қызмет жүргізу нысаны саланың ерекшелігіне, жобаның ауқымы мен параметрлеріне байланысты болады.
01
Девелопмент және жылжымайтын мүлік
ҚАТЫСУ ФОРМАТЫ
Алатаудың төрт ауданында тұрғын үй, коммерциялық, кеңсе, қонақүй және көпфункциялы нысандар салу.
НЕЛІКТЕН БҰЛ БАҒЫТ АЛАТАУ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
қала шамамен 88 000 га аумақта жаңадан салынып жатыр. Алатау дамып, халық саны мен іскерлік белсенділік артқан сайын жылжымайтын мүліктің әртүрлі түрлеріне сұраныс қалыптасады. Әр ауданның өзіндік мамандануы бар: Gateway District іскерлік және қаржылық жылжымайтын мүлікке, Administrative City Center білім беру және медициналық инфрақұрылымға, Growing District өнеркәсіптік және логистикалық нысандарға, ал Green District туристік және рекреациялық инфрақұрылымға бағдарланған.
НЕГІЗГІ ШАРТТАР
жобаның Бас жоспарға және қала құрылысы талаптарына сәйкес болуы, Алатау резидентінің бизнес-лицензиясын алу және жер учаскесін белгіленген тәртіппен рәсімдеу.
02
Өнеркәсіптік жоба
ҚАТЫСУ ФОРМАТЫ
Алатаудың индустриялық аймағы ретінде қалыптасып жатқан Growing District аумағында өндірістік кәсіпорын орналастыру.
НЕЛІКТЕН БҰЛ БАҒЫТ АЛАТАУ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
Growing District Қазақстанды Орталық Азия, Қытай және Еуропа нарықтарымен байланыстыратын көлік бағыттарына қолжетімді индустриялық кластер ретінде жобаланып отыр. Халықаралық стандарттарға сай келетін экологиялық таза өндірістерге басымдық беріледі. Алатауда Mars және PepsiCo сияқты ірі халықаралық өндірістік компаниялар жұмыс істеп жатыр. Белгіленген талаптарды сақтаған өнеркәсіптік жобаларға 30 жылға дейінгі мерзімге салықтық преференциялар берілуі мүмкін.
НЕГІЗГІ ШАРТТАР
қызметтің басым түрлеріне сәйкес келу және Алатау резидентінің бизнес-лицензиясын алу.
03
Технологиялық жоба
ҚАТЫСУ ФОРМАТЫ
жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді әзірлеу және сынақтан өткізу мүмкіндігімен Алатауда технологиялық компания, R&D орталығы немесе зертхана орналастыру.
НЕЛІКТЕН БҰЛ БАҒЫТ АЛАТАУ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
арнаулы құқықтық режим жаңа технологиялар мен реттеу модельдерін сынақтан өткізу үшін эксперименттік құқықтық режимдерді, яғни реттеушілік «құмсалғыштарды» енгізу мүмкіндігін көздейді. Алатаудың басым бағыттарына жасанды интеллект, Web3, қалалық әуе мобильдігі және басқа да технологиялық салалар жатады. Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы көлік, энергетика, қауіпсіздік және қаланың өзге де жүйелерін басқаруда AI шешімдерін қолдануды қарастырады.
НЕГІЗГІ ШАРТТАР
Алатау резидентінің бизнес-лицензиясын алу және қала дамуының басым бағыттарына сәйкес келу. Эксперименттік құқықтық режимдер шеңберіндегі жобаларға тиісті режим үшін белгіленген арнайы шарттар қолданылады.
04
Логистикалық жоба
ҚАТЫСУ ФОРМАТЫ
Growing District аумағында логистикалық орталық, қойма, тарату хабы немесе мультимодальды терминал құру.
НЕЛІКТЕН БҰЛ БАҒЫТ АЛАТАУ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
қала «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінде, Қорғас құрғақ портына шамамен 300 км қашықтықта орналасқан. Growing District аумағында ірі логистикалық хабты дамыту көзделген. Бас жоспарда жылына 40 млн жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген «Алатау» халықаралық әуежайын және ауданы 500 га логистикалық аймақ салу да қарастырылған.
НЕГІЗГІ ШАРТТАР
Алатау резидентінің бизнес-лицензиясын алу, қызметтің басым түрлеріне сәйкес келу және жер учаскесін белгіленген тәртіппен алу.
05
Финтех және цифрлық сервистер
ҚАТЫСУ ФОРМАТЫ
Алатаудың арнаулы құқықтық режимі шеңберінде финтех-компания, цифрлық активтер платформасын, Web3-жобаны немесе өзге де цифрлық сервисті іске қосу.
НЕЛІКТЕН БҰЛ БАҒЫТ АЛАТАУ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
Алатау цифрлық активтер мен оларға байланысты сервистерді реттеудің жаңа модельдерін сынақтан өткізу жоспарланған CryptoCity жобасын дамыту алаңы ретінде айқындалған. Арнаулы құқықтық режим төлем сервистерімен, цифрлық қаржы құралдарымен және басқа да финтех шешімдерімен жұмыс істейтін компанияларға мүмкіндік береді. Қазақстанның ең ірі қаржы орталығы Алматыға жақын орналасуы қаржы секторына және білікті мамандарға қол жеткізуге жағдай жасайды.
НЕГІЗГІ ШАРТТАР
Алатау резидентінің бизнес-лицензиясын және қажет болған жағдайда тиісті қызмет түріне арналған реттеуші лицензияны алу.
06
Білім беру, ғылым және медицина
ҚАТЫСУ ФОРМАТЫ
Administrative City Center аумағында білім беру ұйымын, зерттеу орталығын, зертхананы немесе медициналық ұйымды құру.
НЕЛІКТЕН БҰЛ БАҒЫТ АЛАТАУ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
Administrative City Center білім беру, ғылыми және медициналық кластер ретінде қалыптасып келеді. Мұнда 40 мың студентке арналған академиялық қалашығы бар Халықаралық білім беру, денсаулық сақтау және спорт орталығын, сондай-ақ Кореяның ғылым мен технологиялар жөніндегі озық институтының (KAIST) филиалын ашу жоспарланған. Алматыға жақындық ғылыми-білім беру базасы мен кәсіби кадрларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
НЕГІЗГІ ШАРТТАР
Алатау резидентінің бизнес-лицензиясын алу, Administrative City Center дамуының басым бағыттарына және тиісті қызмет түріне қойылатын талаптарға сәйкес келу.
07
Туризм және рекреация
ҚАТЫСУ ФОРМАТЫ
Green District аумағында қонақүй, курорт, ойын-сауық паркі, спорт нысанын немесе туристік инфрақұрылымның өзге де объектісін салу.
НЕЛІКТЕН БҰЛ БАҒЫТ АЛАТАУ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
Қапшағай су қоймасының жағалауындағы Green District жыл бойы жұмыс істейтін туристік және рекреациялық кластер ретінде қалыптасып келеді. 2050 жылға қарай Алатауға келетін туристердің жиынтық ағыны жылына 4 млн адамнан асады деп болжанып отыр. Алматыдан бес сағаттық әуе қатынасы аймағында шамамен 2 млрд адам тұрады. Бұл өңірдің туристік жобалары үшін әлеуетті нарық қалыптастырады.
НЕГІЗГІ ШАРТТАР
Алатау резидентінің бизнес-лицензиясын алу, Бас жоспарға және аумақтың функционалдық мақсатына сәйкес келу, жер учаскесін белгіленген тәртіппен алу.
08
Инфрақұрылымдық әріптестік
ҚАТЫСУ ФОРМАТЫ
мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ), EPC-келісімшарттар және заңнамада көзделген өзге де модельдер арқылы Алатаудың көлік, инженерлік және басқа да инфрақұрылымын құруға жеке капиталды тарту. EPC (Engineering, Procurement and Construction) моделі бойынша мердігер нысанды жобалауға, жабдық сатып алуға және құрылыс жұмыстарына жауап береді.
НЕЛІКТЕН БҰЛ БАҒЫТ АЛАТАУ ҮШІН МАҢЫЗДЫ
жаңа қаланың құрылысы магистральдық және қалалық инфрақұрылымды ауқымды түрде дамытуды талап етеді. Алатауды дамыту моделі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жеке капитал тартуды көздейді. МЖӘ мен EPC-келісімшарттарды қоса алғанда, қатысудың нақты тетіктері жобаға қарай айқындалады.
НЕГІЗГІ ШАРТТАР
қатысу моделі нақты инфрақұрылымдық жобаға, қаржыландыру көздеріне және тараптар арасындағы міндеттемелерді бөлуге байланысты айқындалады.
Қатысу форматын қалай таңдауға болады
Ұсынылған форматтар – ақпаратты ыңғайлы іздеуге арналған редакциялық жіктеу. Олар ресми бекітілген толық тізбе болып саналмайды. Қатысу форматы қызмет түріне, жобаның ауқымына, қажетті инфрақұрылымға және инвестордың Алатауда қызмет жүргізу нысанына байланысты.
Қала аумағында негізгі бизнесін жүргізуді жоспарлаған компаниялар үшін резидент мәртебесін алу және бизнес-лицензиялау тәртібі көзделген. Қаржыландырудың, тауар жеткізудің, мердігерлік және кәсіби қызмет көрсетудің жекелеген нысандарына қатысудың басқа модельдері қолданылуы мүмкін.
Жобаны дайындау, резидент мәртебесін алу және қала әкімшілігімен өзара іс-қимыл жасау тәртібі «Инвестиция салуды қалай бастау керек» бөлімінде берілген.
Қатысу форматын таңдау жөнінде кеңес алу үшін alataucity.kz сайтына өтіңіз.