Алатау қаласының аудандары
Алатау қаласы төрт негізгі ауданнан тұрады: Gateway District (қаржы және іскерлік орталық), Administrative City Center (білім, ғылым, медицина және мәдениет), Growing District (өнеркәсіп және логистика) және Green District (Қапшағай су қоймасының жағасындағы туризм және демалыс аймағы). Әр аудан тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымы бар, белгілі бір бағытқа маманданған дербес кластер ретінде жобаланған. Қаланың бас жоспары Сингапурдың Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленген. Жоспарлау көкжиегі 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.
Қаланы ұйымдастыру қағидаты
Алатау өзара байланысқан мамандандырылған аймақтардан тұратын біртұтас қала ретінде салынып жатыр. Әр ауданның өзіндік функционалдық бағыты бар. Сонымен қатар олардың барлығында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер қарастырылған. Бұл тұрғындарға өз ауданынан шықпай-ақ жұмыс істеуге, оқуға және демалуға мүмкіндік береді.
Gateway District – қаржы және іскерлік орталық
Gateway District (бұрынғы Gate District) – Алматы қаласымен тікелей шектесетін Алатаудың оңтүстік ауданы. Ол қаланың негізгі іскерлік орталығы ретінде жобаланған. Мұнда қаржы институттары, кеңсе кешендері және халықаралық бизнес нысандары шоғырланады.
Ауданның орталық нысаны – Халықаралық бизнес дамыту орталығы. БАКАД-пен байланыс Gateway District-ті Алматы агломерациясымен жалғайды. Жоспарланған LRT станциясы Алатаудың басқа аудандарымен қатынасты қамтамасыз етеді.
Ауданның сәулеттік келбетін америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) бюросы әзірлеген Iconic Complex көпфункционалды кешені айқындайды. Жоба 2026 жылғы наурызда таныстырылды. Кешен биіктігі 272 және 80 метр болатын екі мұнарадан тұрады. Құрылысты 2029 жылы аяқтау жоспарланған.
Ауданның көлік жүйесін А3 автожолы, БАКАД және Алматы – Шелек – Қорғас тасжолы құрайды. Табиғи ортасын Есентай өзені, сондай-ақ Қарасу-Түрксіб және Ынтымақ каналдары қалыптастырады.
Gateway District цифрлармен (2050 жылға қарай):
Аумағы:
3 988 га
Өнеркәсіптік аумақтардың ауданы:
230 га
Халық саны:
223 мың адам
Жұмыс орындарының саны:
181 мың
Туристер саны:
жылына 306 мың адамға дейін
Administrative City Center – білім, ғылым, медицина және мәдениет
Administrative City Center (бұрынғы Golden District) – А3 автожолының бойымен созылып жатқан Алатаудың мәдени және зияткерлік орталығы. Ауданның шығыс және оңтүстік бөліктерін Кіші Алматы өзені, ал батысын Қаскелең өзені кесіп өтеді. Мұнда университет кампустары, медициналық инфрақұрылым және қоғамдық кеңістіктер шоғырланады.
Ауданның оңтүстік бөлігінде 40 мың студентке арналған академиялық қалашығы бар Халықаралық білім, денсаулық сақтау және спорт орталығы орналасады. Оның шығысында тарих және археология мұражайы бой көтереді. Көпсалалы медициналық кластер халықаралық стандарттарға және мемлекетаралық ынтымақтастыққа бағдарланған.
Ауданның полицентрлік қағидат бойынша жоспарланған. Сызықтық саябақ бойында орта қабатты (4-12 қабатты) тұрғын үйлер орналасады.
Ауданның алғашқы негізгі жобасы – K-PARK мәдени-іскерлік орталығы және корей мәдениетіне арналған тақырыптық саябақ. Оның құрылысы 2025 жылғы 12 қыркүйекте басталды.
Administrative City Center цифрлармен (2050 жылға қарай):
Аумағы:
15 660 га
Өнеркәсіптік аумақтардың ауданы:
810 га
Халық саны:
675 мың адам
Жұмыс орындарының саны:
337 мың
Туристер саны:
жылына 98 мың адамға дейін
Growing District – өнеркәсіп және логистика
Growing District – Алатау аумағындағы ең үлкен аудан. Ол маңызды көлік жолдары тоғысқан жерде, Алматы – Қонаев тасжолының жолайрығына, Жетіген – Қазыбек бек теміржол желісіне және жоспарланып отырған «Алатау» әуежайына жақын орналасқан. Аудан Орталық Азия, Қытай және Еуропаның көлік дәліздеріне шығатын, экспортқа бағдарланған индустриялық-логистикалық аймақ ретінде жобаланған.
Мұнда экологиялық стандарттарға сай өндіріс орындары, ірі логистикалық хаб және индустриялық аймақтың қажеттіліктеріне сәйкес мамандар даярлайтын кәсіптік-техникалық білім беру институты қарастырылған.
Тұрғын үйлер (2-12 қабат) Қаскелең және Кіші Алматы өзендерінің бойында, сауда, мәдениет және спорт нысандары орналасатын қоғамдық орталықтарға жаяу жетуге болатын қашықтықта салынады.
Growing District цифрлармен (2050 жылға қарай):
Аумағы:
36 622 га
Өнеркәсіптік аумақтардың ауданы:
2 160 га
Әуежайдың логистикалық аймағының ауданы:
500 га
Халық саны:
650 мың адам
Жұмыс орындарының саны:
307 мың
Green District – туризм және демалыс
Green District Қонаев қаласының оңтүстігінде, Қапшағай су қоймасының жағасында орналасқан. Мұнда жыл бойы жұмыс істейтін курорттық инфрақұрылымы бар туристік-рекреациялық кластер құру жоспарланған. Аудан Алматыдан ұшақпен бес сағатта жетуге болатын аумақта тұратын, жалпы саны шамамен 2 млрд адамды құрайтын нарыққа бағдарланған.
Жағалау бойындағы серуендеу аймағы ауданның басты қоғамдық кеңістігі болады. Одан қиғаш бағытта қонақүйлер, сауда және ойын-сауық нысандары орналасатын негізгі жаяу жүргіншілер аллеясы өтеді. Жағалауда курорттар, ойын-сауық саябақтары, дайвинг және гольф клубтары, қалалық жағажайлар қарастырылған. Қапшағай су қоймасының жағасындағы биіктігі 30 қабаттан асатын көпфункционалды кешен ауданның сәулеттік нышанына айналады.
Green District цифрлармен (2050 жылға қарай):
Аумағы:
31 730 га
Өнеркәсіптік аумақтардың ауданы:
490 га
Халық саны:
320 мың адам
Жұмыс орындарының саны:
171 мың
Туристер саны:
жылына 3,5 млн адамға дейін