Тексерулер және бизнесті қорғау
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Алатау қаласында мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі қолданылады. Арнаулы құқықтық режиммен және әкімшілік актілермен реттелетін мәселелер бойынша бақылауды Alatau City Authority (АСА) және ол уәкілеттік берген тұлғалар жүзеге асырады. Қаланың арнаулы құқықтық режимімен реттелмейтін салаларда резиденттерді тексеру үшін кейбір мемлекеттік органдарға АСА-ның алдын ала жазбаша келісімі қажет. Бұл ретте прокурорлық қадағалау сақталады, ал әкімшілік жауаптылық шараларын қолдану туралы шешімдерге сот тәртібімен шағым жасауға болады.
Конституциялық заңның 36 және 72-баптарында көзделген нормалар 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап, ал 11-баптағы бірыңғай терезе тетігі 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.
Алатаудағы бақылау жүйесі алты негізгі тетікке сүйенеді: оның үшеуі тексерулерді ұйымдастыруға, қалған үшеуі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Алатауда тексерулер қалай жүргізіледі?
1. Бақылаудың бірыңғай орталығы
19 және 42-баптар
Алатаудың арнаулы құқықтық режимімен реттелетін салаларда мемлекеттік бақылау мен қадағалауды тек қала әкімшілігі және ол уәкілеттік берген тұлғалар жүзеге асырады.
Орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелері Алатау резиденттеріне қатысты:
- тексерулер жүргізе алмайды;
- әкімшілік ықпал ету шараларын қолдана алмайды;
- міндетті нұсқамалар бере алмайды;
- резиденттердің қызметін тоқтата тұра алмайды.
Бұл тәртіп АСА мен басқа мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты ажыратады. Алайда ол бизнесті бақылаудан босатпайды: тексеруді жүргізетін орган тексеру нысанасына қарай айқындалады.
Конституциялық заңның 11-бабында көзделген бірыңғай терезе тетігі мемлекеттік қызметтерді көрсету мен бақылау рәсімдерін цифрлық жүйелер арқылы бір орталыққа шоғырландыруды көздейді. Бұл тетік тіркеу, лицензиялау және рұқсат беру рәсімдерін қамтиды. Ол 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданылады.
2. Сыртқы мемлекеттік органдардың тексерулері
42-бап
Конституциялық заңда немесе әкімшілік актілерде реттелмейтін салалар бойынша Алатау резиденттерін тексеру үшін Alatau City Authority-дің алдын ала жазбаша келісімі қажет. Бұл талап Конституциялық заңның 4-бабы 3-тармағында көрсетілген қатынастарға, соның ішінде қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелеріне қолданылмайды.
Арнайы мемлекеттік органдар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган және қаржылық мониторинг органы өздерінің айрықша құзыреті шегінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша тексерулер жүргізген кезде мұндай келісім талап етілмейді. Өзге де ерекшеліктер Кеңестің шешімімен Әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленуі мүмкін.
Әкімшілік мынадай жағдайларда тексеру жүргізуді келісуден бас тартуға құқылы:
- тексеру нысанасы әкімшіліктің, оның органдарының және әкімшілік уәкілеттік берген тұлғалардың өкілеттіктеріне жатса;
- тексеруді тағайындау, ұйымдастыру және (немесе) жүргізу тәртібі бұзылса;
- бұзушылықты негіздейтін жеткілікті нақты негіздер болмаса;
- мәлімделген бақылау-қадағалау іс-шараларының көлемі мен сипаты тексеруді келісу туралы сұрау салуда көрсетілген нақты негіздерге және (немесе) болжамды бұзушылықтың ауырлығына не оның ықтимал салдарына айқын сәйкес келмесе;
- бақылау мен қадағалау мақсаттарына резидентке ауыртпалығы аз тәсілдермен қол жеткізуге болса;
- Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған өзге де негіздер болса.
Келісуден бас тарту уәжді болуға тиіс және оған сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Келісуді талап ететін тексерулер бойынша АСА бақылау-қадағалау іс-шараларын жүргізудің негіздері мен көлемін алдын ала бағалайды. Бұл ретте заңда көзделген ерекшеліктер қолданылатын органдар өз өкілеттіктерін сақтайды.
Салықтық бақылаудың кез келген нысанын қоса алғанда, салықтық әкімшілендіруге 42-баптың талаптары қолданылмайды. Ол Конституциялық заңның 44-бабында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, жеке тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Прокуратура қадағалауының ерекше тәртібі
42-бап
Алатау қаласында прокуратураның қадағалауы сақталады. Алайда жеке кәсіпкерлік субъектілері саналатын резиденттердің қызметін тексеруге Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша не Президентпен немесе Бас Прокурормен келісу арқылы ғана жол беріледі.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы резидентке тексеру жүргізілетіні туралы хабарлап, тексеру басталғанға дейін кемінде 3 жұмыс күні бұрын өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді. Бұл талап адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе қаладағы маңызды инфрақұрылымның қауіпсіздігіне тікелей қатер төнген және оны жою үшін шұғыл араласу қажет болған жағдайларға қолданылмайды.
Мұндай жағдайларда тексеру алдын ала хабарламай және оны тағайындау туралы актіні тіркемей жүргізіледі. Аталған акт келесі жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.
Әкімшіліктің және оның органдарының қызметінде заңдылықтың сақталуын тексеруге тек Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша ғана жол беріледі.
Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша жүргізілетін тексерулерге мынадай шектеулер қойылады:
- прокуратураның соңғы тексеруі аяқталған күннен бастап 36 ай ішінде бір реттен жиі тексеру жүргізуге жол берілмейді;
- бір тексеру нысанасы бойынша бұрын тексерілген кезеңді қайта тексеруге жол берілмейді;
- бір тексеру нысанасы бойынша соңғы тексеру басталған күннің алдындағы үш жылдан асатын кезеңді тексеруге жол берілмейді.
36 айда бір реттен жиі тексеру жүргізуге қойылған шектеу резиденттерге емес, Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша әкімшілік пен оның органдарының қызметіне жүргізілетін тексерулерге қатысты. 42-бап 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Кәсіпкерлердің құқықтары қалай қорғалады
1. Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылған кезде адал бизнесті қорғау
36-бап
Егер әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісі заңсыз деп танылып, күші жойылса, жалпы тәртіп бойынша мұндай шешімнің кері күші болмайды. Яғни ол осы акт қолданыста болған кезеңде адал ниетпен жасалған мәмілелерге, сондай-ақ оның негізінде адал түрде алынған бизнес-лицензияларға, реттеуші лицензиялар мен реттеуші рұқсаттарға, үшінші тұлғалардың адал ниетпен иеленген құқықтары мен міндеттемелеріне әсер етпейді.
Алайда көрінеу заңсыз актілерге қатысты ерекшелік көзделген. Егер актінің Қазақстан Республикасының Конституциясына немесе Алатау туралы Конституциялық заңға қайшы келетіні оны қабылдау кезінде-ақ айқын болса, сот мұндай актіні қабылданған кезінен бастап заңсыз деп тануы мүмкін. Бұл жағдайда осы актінің негізінде жасалған мәмілелер, сондай-ақ оның қолданылу кезеңінде берілген бизнес-лицензиялар, реттеуші лицензиялар мен реттеуші рұқсаттар жарамсыз болады.
Егер көрінеу заңсыз актінің қабылдануы салдарынан адал ниетті тұлғаларға залал келтірілсе, оны шығарған орган осы залалды өтеуге міндетті.
Бұл қағидалар Алатау қаласының мәслихаты мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілеріне де қолданылады. 36-бап 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.
2. Әкімшілік шешімдеріне сот тәртібімен шағымдану құқығы
72-бап
Алатау қаласының заңнамасы мен әкімшіліктің әкімшілік актілерінде белгіленген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік пен оның органдары нормативтік құқықтық актілерде көзделген жауаптылық шараларын қолдануға құқылы. Олардың қатарына ақшалай өндіріп алу, лицензиялар мен рұқсаттардың қолданысын тоқтата тұру немесе олардан айыру, сондай-ақ салықтық преференциялар мен өзге де жеңілдіктерді тоқтата тұру немесе олардан айыру жатады. Мұндай шараларды қолдану туралы шешімдер міндетті түрде орындалуға тиіс, алайда оларға сотқа шағым жасауға болады.
Бұл кәсіпкердің өзіне қатысты қолданылған жауаптылық шарасына сот тәртібімен дау айтуға құқығы бар екенін білдіреді. Мұндай шаралар заңнама талаптары бұзылған жағдайда және нормативтік құқықтық актілерде көзделген негіздер бойынша қолданылады. 72-бап 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.
3. Өнімнің Қазақстанның бүкіл аумағында танылуы
43-бап
Егер Алатау қаласының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Алатау резиденттері қала заңнамасына сәйкес өндірген тауарлар, орындаған жұмыстар мен көрсеткен қызметтер Қазақстан Республикасының аумағында өткізу, ақысын төлеу, есепке алу және пайдалану, сондай-ақ экспорттау мақсаттары үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келеді деп танылады. Олар Қазақстанның басқа өңірлерінде өндірілген тауарлармен, орындалған жұмыстармен және көрсетілген қызметтермен тең дәрежеде айналымға жіберіледі.
Егер резиденттің қызметі Алатау қаласының талаптарына сәйкес келсе, Қазақстанның өзге аумағында қолданылатын лицензияның, сертификаттың немесе рұқсаттың болмауы өздігінен оның өнімін экспорттаудан, төлемдерді жүзеге асырудан, салық салу мақсаттары үшін шығыстары мен шегерімдерін танудан немесе сатып алуға қатысуынан бас тартуға негіз бола алмайды.
Мемлекеттік органдар, банктер және квазимемлекеттік сектор компаниялары да арнайы құқықтық режимнен тыс қолданылатын лицензияның немесе рұқсаттың болмауына ғана сүйеніп, осындай өнімге қатысты операцияларды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы емес. Бұл ретте әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктер мен шаралар сақталады.
43-бап 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл норма Алатаудың арнайы құқықтық режимі бойынша өндірілген өнімді Қазақстанның ортақ нарығында тануға мүмкіндік береді.
Негізгі кепілдіктердің өзгермейтіндігі
76-бап
Конституциялық заңда белгіленген арнаулы құқықтық режимнің жалпы ережелері мен қағидаттары, сондай-ақ инвестициялардың құқықтық режимінің қағидаттары мен инвестициялық дауларды шешуге қатысты ережелер өзгермейді. Бұл ережелер тек Конституциялық заңның күші жойылған жағдайда ғана қолданысын тоқтатуы мүмкін.
Бұл ережелер тек Конституциялық заңның күші жойылған жағдайда ғана қолданысын тоқтатуы мүмкін. 76-бап 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Негізгі деректер
Құқықтық негізі
«Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» 2026 жылғы 8 мамырдағы Қазақстан Республикасының № 286-VIII Конституциялық заңының 11, 19, 36, 42, 43, 72 және 76-баптары
Әкімшілік реттейтін салалардағы бақылау
Алатау қаласының әкімшілігі және ол уәкілеттік берген тұлғалар
Сыртқы тексерулер
Конституциялық заңмен және әкімшіліктің актілерімен реттелмейтін салалардағы тексерулерді жүргізу үшін Alatau City Authority-дің алдын ала жазбаша келісімі қажет. Заңда көзделген ерекшеліктер бар
Тексеруді келісуден бас тарту
бас тарту уәжді болуға тиіс және оған сотқа шағым жасалуы мүмкін
Резидент-кәсіпкерлерді прокуратураның тексеруі
Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша не олармен келісу арқылы жүргізіледі
Резидентті прокурорлық тексеру туралы хабардар ету
заңда көзделген шұғыл жағдайларды қоспағанда, тексеру басталғанға дейін кемінде 3 жұмыс күні бұрын хабарлануға тиіс
Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша әкімшілікті тексеру
прокуратураның соңғы тексеруі аяқталған күннен бастап 36 ай ішінде бір реттен жиі жүргізілмейді
Салықтық бақылау
44-баптың ерекшеліктері ескерілетін жеке тәртіппен жүзеге асырылады
Әкімшіліктің жауаптылық шараларын қолдану туралы шешімдеріне шағымдану
сот тәртібімен жүзеге асырылады
Адал бизнесті қорғау
нормативтік құқықтық актінің күші жойылған жағдайда, жалпы тәртіп бойынша оның кері күші болмайды. Көрінеу заңсыз актілерге қатысты ерекшелік және залалды өтеу тәртібі көзделген
Резиденттер өнімін тану
заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында танылады
Негізгі кезеңдер
2026 жылғы 1 шілде – 36 және 72-баптар; 2027 жылғы 1 қаңтар – 42, 43 және 76-баптар; 2027 жылғы 1 шілде – бірыңғай терезе тетігін көздейтін 11-бап.