Алатау қаласының даму кезеңдері
Алатау қаласы сингапурлық Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленген Бас жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен дамып келеді. Құрылыстың және негізгі инфрақұрылымдық әрі инвестициялық жобаларды іске асырудың бірінші кезеңі 2030 жылға дейінгі мерзімді қамтиды, ал Бас жоспарды толық іске асыру 2050 жылға дейін жоспарланған. Қазір қала институционалдық іске қосу кезеңінде. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап арнаулы құқықтық режимнің негіздері, яғни қаланы басқару жүйесі мен бизнеске арналған базалық кепілдіктер қолданысқа енгізілді. Резиденттер мен инвесторларға арналған тетіктер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап, ал заңның қалған нормалары 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Алдағы жылдары қала базалық инфрақұрылымды салуға, іскерлік, білім беру, өнеркәсіптік және туристік кластерлерді іске қосуға басымдық береді. Жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай Алатау халқының саны 1,87 миллион адамға, ал жұмыс орындарының саны шамамен 1 миллионға жетеді.

Алатау қалай дамиды
2050 жылға дейінгі даму стратегиясы Алатауды Орталық Азиядағы жаңа инвестициялық және технологиялық орталық ретінде қарастырады. Бұл стратегияның құқықтық негізі «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңда бекітілген.
Қала бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша дамып келеді:
- Smart City – қалалық ортаны цифрлық басқару және жасанды интеллект технологияларын енгізу;
- CryptoCity – цифрлық активтер мен Web3 технологияларына арналған реттелетін орта;
- Urban Air Mobility – eVTOL аэротаксилерін, жүк жеткізетін ұшқышсыз аппараттарды, сервистік дрондарды және төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқарудың цифрлық жүйелерін біріктіретін қалалық әуе көлігі жүйесі.
2024-2026 жылдар – институционалдық іске қосу кезеңі
Бұл кезеңде қаланың құқықтық және басқару негіздері қалыптасады. 2024 жылғы қаңтарда Жетіген ауылы Алатау қаласы болып қайта құрылды. 2024 жылғы шілдеде аумағы шамамен 88 000 га (880 км²) болатын қаланың түпкілікті шекаралары бекітілді. 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан Президенті Алатауға жедел даму қаласы мәртебесін беру туралы жарлыққа қол қойды. 2026 жылғы мамырда «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойылды. Оның нормалары 2026 жылғы 1 шілдеден 2027 жылғы 1 шілдеге дейін кезең-кезеңімен енгізіледі.
Қаланы басқару жүйесі мен құқықтық негіз қалыптастырумен қатар, Алатау халықаралық роуд-шоулар өткізіп, өзінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып келеді. Оңтүстік Кореяда мұндай іс-шаралар 2025 жылғы қазанда және 2026 жылғы қыркүйекте өтті. 2026 жылғы маусымда Қытайдың Шэньчжэнь, Гонконг және Макао қалаларында роуд-шоу ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, есептеу қуаттары және финтех салаларында жалпы инвестициялық әлеуеті 6 млрд АҚШ долларынан асатын 30 меморандум мен келісімге қол қойылды. 2026 жылдың күзінде Германия мен Ұлыбританияда роуд-шоу өткізу жоспарланған.
Қаланың инвестициялық портфелі кеңейіп келеді. 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Алатауда жалпы сомасы шамамен 1 трлн теңгені құрайтын, 21 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 18 ірі жоба іске асырылып жатты. Инвестициялық пулда 41 жоба болды. 2026 жылдың ортасына қарай Алатаудың инвестициялық портфелі құны 6,9 млрд АҚШ долларынан асатын 67 жобаға дейін ұлғайды. Бұл жобалар 55 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Құрылыстың бірінші кезеңі – 2030 жылға дейін
Бірінші кезеңде базалық инфрақұрылым құруға және Gateway District пен Administrative City Center аудандарындағы негізгі нысандарды іске қосуға басымдық беріледі.
Кезеңнің негізгі нысандары мен оқиғалары:
- Gateway District ауданында Iconic Complex көпфункционалды кешенінің құрылысы – америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросының жобасы бойынша биіктігі 272 және 80 метр болатын екі мұнара салынады. Құрылысты 2029 жылы аяқтау жоспарланған.
- Administrative City Center ауданында K-PARK құрылысы – корей мәдениетіне арналған мәдени-іскерлік орталық пен тақырыптық саябақ. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы қыркүйекте басталды. Жобаны 2027 жылға қарай аяқтау жоспарланған; бұл уақыт кәрістердің Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келеді.
- eVTOL аэротаксилерінің коммерциялық рейстерін іске қосу – 2028 жылдың соңы мен 2029 жылдың басына жоспарланған. Алғашқы демонстрациялық ұшулар 2026 жылғы 19 мамырда өтті.
- Қаланың негізгі көлік желісін қалыптастыру, оның ішінде Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (БАКАД) ықпалдастыру және көше-жол желісін дамыту.
2050 жылға қарай толық жүзеге асыру
Ұзақ мерзімді жоспар төрт ауданның құрылысын аяқтап, қаланы жобалық көрсеткіштерге жеткізуді көздейді.
| Көрсеткіш | 2050 жылға жоспарланған көрсеткіш |
|---|---|
| Халық саны | 1,87 млн адам |
| Жұмыс орындары | Шамамен 1 млн |
| Туристер ағыны | Жылына 4 млн-нан астам |
| Тұрғын үй қоры | 55 млн м²-ден жоғары |
| «Алатау» әуежайының есептік өткізу қабілеті | Жылына 40 млн жолаушыға дейін |
| Академиялық қалашықтың сыйымдылығы | 40 мың студент |
| Денсаулық сақтау нысандары | 102, оның ішінде 2 көпбейінді аурухана |
| Мектептер | 173 |
| Балабақшалар | 227 |
Болжам бойынша, 2050 жылға қарай Алатау мен Алматы қалаларының жиынтық халқы 5 миллион адамға жетуі мүмкін.
Қаржыландыру моделі
Алатау негізінен жеке инвестициялар есебінен салынады. Бюджет қаражаты базалық магистральдық инфрақұрылымды құруға бағытталады, ал коммерциялық, өнеркәсіптік және тұрғын үй нысандары жеке капитал есебінен салынады. 2025 жылғы мамырда деректерді өңдеу орталықтары желісін құруға, финтех экожүйесін дамытуға және қалалық әуе көлігі жүйесін іске қосуға бағытталған, көлемі шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрайтын жеке инвестициялық бағдарламаның іске қосылғаны жарияланды.
Алатау цифрлармен
Қаланың құрылған уақыты:
2024 жылғы қаңтар
Аумағы:
шамамен 88 000 га (880 км²)
Халық саны:
54 747 адам (2025 жылғы желтоқсан)
Құрылыстың бірінші кезеңі:
2030 жылға дейін
Толық іске асыру:
2050 жылға дейін
Бас жоспар:
сингапурлық Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленді
Құқықтық режим:
арнаулы, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап бір жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізіледі