Алатау қаласы туралы

Инфрақұрылымдық негіз

Алатаудың инфрақұрылымын дамыту 2026 жылдың қаңтарында бекітілген Жол картасына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бірінші кезеңде (2026–2027 жылдары) жалпы құны 365 млрд теңге болатын 21 жобаны іске асыру көзделген. Екінші кезеңде (2028–2030 жылдары) жалпы құны 312 млрд теңгеден асатын 9 жоба қарастырылған. Мемлекет магистральдық инженерлік және көлік инфрақұрылымын қамтамасыз етеді, ал коммерциялық, өнеркәсіптік және басқа да инвестициялық жобалар жеке капитал есебінен жүзеге асырылады.

Городская застройка Алатау

Міндеттерді бөлу қағидаты

Алатаудың магистральдық инфрақұрылымы қолданыстағы аумақтың да, жаңа инвестициялық жобалардың да дамуын қамтамасыз ететін біртұтас жүйе ретінде жоспарланып отыр. Ол көлік байланыстары мен негізгі инженерлік желілерді қамтиды. Қала дамыған сайын жекелеген аумақтар мен нысандар осы желілерге қосылады.

Инвестор үшін мұндай тәсіл жобаға арналған жер учаскесін таңдау және оны жоспарлау кезінде инфрақұрылымның қолжетімділігін алдын ала ескеруге мүмкіндік береді. Алатау жаңадан салынып жатқандықтан, аумақты игерумен қатар көлік және инженерлік желілерге түсетін болашақ жүктемені де алдын ала есептеуге болады.

Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Жол картасы

2026 жылдың қаңтарында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Алатаудағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Нәтижесінде қаланың инфрақұрылымын дамытуға арналған екі кезеңнен тұратын Жол картасы бекітілді.

Бірінші кезеңде (2026–2027 жылдары) жалпы құны 365 млрд теңге болатын 21 жобаны іске асыру көзделген. Бұл кезеңде қосалқы станциялар, су алу тораптары мен газ құбырларын қоса алғанда, қолданыстағы инженерлік инфрақұрылымды реконструкциялау және жаңасын салу жоспарланған.

Екінші кезеңде (2028–2030 жылдары) жалпы құны 312 млрд теңгеден асатын 9 жобаны іске асыру қарастырылған.

Сонымен қатар Алатаудың қолданыстағы шағынаудандарының: Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір және Жаңаталаптың инженерлік және көлік инфрақұрылымы дамытылып жатыр.

Көлік инфрақұрылымы

Алатаудың көлік жүйесі автомобиль, теміржол, рельсті және әуе көлігін біріктіретін мультимодальды жүйе ретінде қалыптасып жатыр.

Автомобиль көлігі

Қаланың негізгі көлік күретамыры – Алматы – Қонаев бағытындағы А3 автожолы. Алатау Үлкен Алматы айналма автомобиль жолымен (ҮАААЖ) және Алматы – Шелек – Қорғас тасжолымен де байланысқан. Қала ішінде көлік айрықтары бар жеке көше-жол желісі қалыптасып жатыр.

Теміржол көлігі

Алатау аумағы арқылы Жетіген – Қазыбек бек теміржол желісі өтеді. Теміржол вокзалын салу және Алматы, Алатау мен Қонаев қалалары арасында агломерациялық жедел қатынасты дамыту жоспарланған.

«Алатау» халықаралық әуежайы

Growing District аумағында Бас жоспарға сәйкес, жылына 40 млн жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген жаңа халықаралық әуежай салу көзделген. Оның құрамында 500 га логистикалық аймақ қарастырылған. Әуежай құрылысы 2040 жылдан кейін басталады.

LRT

LRT. Жалпы ұзындығы 76,2 км болатын жеңіл рельсті көлік желісі Алатаудың төрт ауданын өзара байланыстырады.

Қалалық әуе мобильдігі

Алатауда көліктің жаңа түрі – тік ұшып, тік қонатын электрлі әуе аппараттарына (eVTOL) негізделген аэротаксиге арналған инфрақұрылым құрылып жатыр. 2026 жылдың 19 мамырында қалада осындай аппараттың Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті.

eVTOL аппараттарының ұшып көтерілуі, қонуы және қуатталуы үшін арнайы алаңдар – зарядтау инфрақұрылымы мен навигациялық жүйелермен жабдықталған вертипорттар салынып жатыр. Алатаудағы алғашқы осындай алаңның құрылысы болашақ UAM Center Eurasia қалалық әуе мобильдігі орталығының аумағында басталды. 2028 жылға дейін Алматы агломерациясының стратегиялық маңызы бар қалалық және көлік нүктелерінде алты вертипорттан тұратын желі құру жоспарланған. Кейін олардың саны ұлғайтылады. Қалалық әуе мобильдігін коммерциялық мақсатта іске қосу 2028 жылдың соңына – 2029 жылдың басына жоспарланған.

Энергетика

Алатаудың энергетикалық инфрақұрылымы қала аумағы кеңейіп, жаңа нысандар қосылған сайын кезең-кезеңімен дамытылады. Жол картасы аясында 220/110 кВ және 110/10 кВ қосалқы станцияларын салу және реконструкциялау, сондай-ақ сыртқы электр желілерінің қуатын арттыру көзделген.

Жылумен жабдықтау үшін когенерация жүйесі бар газ турбиналы қондырғылар мен табиғи газбен жұмыс істейтін аудандық қазандықтар салу жоспарланған. Аз қабатты құрылыс нысандары автономды жылумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану да Алатаудың Бас жоспарында ескерілген. Оларды инфрақұрылымға енгізудің нақты шешімдері 2026 жылдың соңына дейін әзірлеу жоспарланған стратегиялық құжаттарда айқындалуға тиіс.

Сумен жабдықтау және су бұру

Алатауды сумен жабдықтау Покров және Талғар кен орындарының жерасты су көздері есебінен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. 2050 жылға қарай қаланың суға тәуліктік есептік қажеттілігі 477,36 мың текше метрді құрайды. Қаланың қолданыстағы аумағында су желілерін дамыту жұмыстары басталып кетті: Қоянқұс шағынауданында су құбыры инфрақұрылымын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Су бұру жүйесі орталықтандырылған кәріз жүйесі мен сарқынды суларды тазартуды қамтиды. Жаңбыр суын бұру жүйесі су жинау бассейндері қағидаты бойынша, жергілікті тазарту құрылыстарын қолдану арқылы ұйымдастырылады. Бас жоспарда тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану да қарастырылған.

Цифрлық инфрақұрылым

Алатау Қазақстандағы инфрақұрылымы мен қалалық сервистері Digital by Default қағидаты, үлкен деректер және жасанды интеллект технологиялары негізінде біріктірілетін алғашқы толық цифрлық қала ретінде жобаланып жатыр.

Негізгі элементтердің бірі – қалалық үдерістерді нақты уақыт режимінде басқаруға арналған Digital Twin, яғни қаланың цифрлық егізі. Жүйенің алғашқы элементтерін іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған. Бас жоспарда Алатаудың бүкіл аумағында 5G желісін орналастыру да көзделген.

Алатауда цифрлық шешімдерді енгізудің тәжірибелік алаңы Оңтүстік Кореяның тәжірибесін пайдалана отырып құрылып жатқан, аумағы 330 га K-Smart City пилоттық ауданы болады. Мұнда «ақылды қала» технологиялары сынақтан өткізіліп, кейін тиісті шешімдерді Алатауды дамыту барысында қолдану жоспарланған.

Әлемдік деңгейге бағдар

Цифрлық егіздер әлемнің ірі қалаларында қолданылып келеді. Мысалы, Сеул 2021 жылы қаланың 605 км² аумағын қамтитын S-Map (Virtual Seoul) цифрлық 3D-моделін іске қосты. Ол кеңістіктік, әкімшілік және экологиялық деректерді біріктіріп, қалалық үдерістерді модельдеу мен талдау үшін пайдаланылады.

Негізгі деректер

Жол картасының бірінші кезеңі (2026–2027 жылдар)

жалпы құны 365 млрд теңге болатын 21 жоба

Жол картасының екінші кезеңі (2028–2030 жылдар)

құны 312 млрд теңгеден асатын 9 жоба

LRT желісінің ұзындығы

76,2 км

Вертипорттар саны

6 (бірінші кезеңде)

eVTOL коммерциялық рейстерінің басталуы

2028 жылдың соңы – 2029 жылдың басы

2050 жылға қарай су тұтыну көлемі

тәулігіне 477,36 мың текше метр

K-Smart City пилоттық ауданы

330 га

Digital Twin жүйесін іске қосу

2026 жылдың соңы (алғашқы элементтері)

Жиі қойылатын сұрақтар