Алатау қаласының басқару жүйесі
Алатау қаласының басқару жүйесі екі негізгі функцияны бөлу қағидатына негізделген: қаланың стратегиялық дамуы және күнделікті басқару. Біріншісін арнаулы құқықтық режим аясында құрылған Алатау қаласының кеңесі мен Alatau City Authority (ACA) әкімшілігі қамтамасыз етеді. Екіншісін Қазақстанның барлық қалаларында жұмыс істейтін әкімдік пен мәслихат жүзеге асырады. Бұл басқару деңгейлері ортақ жоспар, бюджеттік шешім және заңда белгіленген есеп беру тәртібі арқылы өзара байланысты. Мұндай басқару моделі Қазақстанда тек Алатау қаласында қолданылады және Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 26 қыркүйектегі №1015 Жарлығымен, сондай-ақ «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңмен бекітілген.
Алатау қаласының басқару жүйесі неге өзгеше?
Қазақстанның көптеген қалаларында басқару екі орган арқылы жүзеге асырылады: әкімдік (атқарушы орган) және мәслихат (өкілді орган). Ал Алатауда қала үшін арнайы құрылған ерекше мемлекеттік орган – Alatau City Authority әкімшілігі қосымша жұмыс істейді. ACA-ның жоғары басқару органы – Қазақстан Республикасының Премьер-министрі төрағалық ететін Қала кеңесі. Бұл органдар бір-бірінің қызметін қайталамайды: әрқайсысының нақты белгіленген міндеттері мен өкілеттіктері бар.
Мұндай басқару құрылымының қалыптасуына Алатаудың ерекше мәртебесі негіз болды. Қала технологиялық және инвестициялық орталық ретінде дамып келеді. Ол үшін инфрақұрылым құру, инвесторлар тарту және жаңа технологияларды енгізу қажет. Осы міндеттерді орындау мақсатында қаланы дамытуға басымдық беретін және ел басшылығының қатысуымен мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін арнайы басқару органдары қарастырылған. Ал қаланың күнделікті тіршілігіне қатысты мәселелермен әкімдік айналысады.
Стратегиялық деңгей: Кеңес және ACA
Алатау қаласының кеңесі – Қазақстан Республикасының Премьер-министрі басқаратын ACA-ның жоғары алқалы басқару органы. Кеңес қаланы дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды, стратегиялық құжаттарды, инвестициялық жобаларды, әкімшілік бюджетін және оның нормативтік құқықтық актілерін бекітеді, сондай-ақ Алатаудың дамуы туралы жылдық есепті қарастырады.
Alatau City Authority әкімшілігі – Алатау қаласын дамытуға және арнаулы құқықтық режимді іске асыруға жауапты ерекше мемлекеттік орган. ACA инвесторларды тартады, жобаларға қолдау көрсетеді және қаланың даму жоспарларының орындалуын ұйымдастырады. Инфрақұрылымдық жобаларды үйлестіреді, басқа мемлекеттік органдармен және халықаралық даму институттарымен өзара жұмыс істейді. Өз өкілеттіктері аясында әкімшілік нормативтік құқықтық актілер қабылдайды және олардың орындалуын бақылайды.
ACA-ның күнделікті қызметіне бас атқарушы директор (CEO) жетекшілік етеді. Заңда әкімшіліктің басқару жүйесінде реттеуші комиссияның болуы да көзделген. Оның өкілеттіктері әкімшілік туралы ережемен және комиссияның өзі туралы ережемен айқындалады.
Кеңес пен ACA арасындағы өзара жұмыс келесідей қағидатқа негізделген: Кеңес шешім қабылдайды, ал ACA оны іске асырады. Қалалық инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік салаға қатысты күнделікті мәселелер өз құзыреті аясында әкімдіктің қарауында болады.
Жергілікті деңгей: әкімдік және мәслихат
Әкімдік пен мәслихат жергілікті атқарушы және өкілді органдар ретінде өз функцияларын сақтайды. Әкімдік көше-жол желісіне, инженерлік инфрақұрылым нысандарына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, сондай-ақ мектептер мен ауруханалардың жұмысынан бастап көшелерді тазалауға дейінгі әлеуметтік және коммуналдық қызметтерге жауапты. Ол жергілікті бюджетті, әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары мен әлеуметтік бағдарламаларды әзірлейді, олардың орындалуын қамтамасыз етеді және коммуналдық меншікті басқарады. Мәслихат жергілікті бюджетті бекітеді, оның орындалуы туралы есептерді қарайды және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешеді.
Әкімдік пен мәслихат ACA құрылымына кірмейді. Олардың қызметі Алатаудың арнаулы құқықтық режимінің ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. Сонымен қатар олар стратегиялық басқару деңгейінен бөлек жұмыс істемейді: қала әкімі Алатау қаласының кеңесі мен мәслихатына есеп береді, ал Кеңес әкімдіктің құрамы мен құрылымын айқындайды. Арнаулы құқықтық режим жағдайында мәслихаттың қызметін айқындайтын Конституциялық заңның 23-бабы 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қаланың даму стратегиясы мен күнделікті басқару қалай өзара байланысты?
Өзара байланыстың негізін Алатаудың стратегиялық құжаттары құрайды. Олар қаланың ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындайды, ал жергілікті жоспарлар осы бағыттарды инфрақұрылыммен, қызметтермен және тұрғындардың қажеттіліктерімен байланыстырады.
| Құжат | Жоспарлау мерзімі | Кім бекітеді |
|---|---|---|
| Ұзақ мерзімді даму жоспары | 30 жыл | Алатау қаласының кеңесі |
| Мастер-жоспар | 15 жыл | Алатау қаласының кеңесі, ұзақ мерзімді жоспар негізінде |
| Даму стратегиясы | 15 жыл | Алатау қаласының кеңесі, мастер-жоспармен бір мезгілде |
| Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары | 3 жыл | Әкімдік әзірлеген жоба бойынша, стратегиялық құжаттарды ескере отырып, мәслихат бекітеді |
Үш жылдық жоспарлар тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысын, халыққа көрсетілетін қызметтерді және ағымдағы әкімшілік мәселелерді қамтиды әрі жергілікті бюджетті қалыптастыруға негіз болады. Құжаттарды бекіту мерзімдері мен тәртібі Конституциялық заңның 28-бабында белгіленген.
Арнаулы құқықтық реттеу қалай жүзеге асырылады?
Алатауда қаланы басқару мен кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қатысты арнаулы заңнама қолданылады. Оның құрамына Қала кеңесі бекіткен ACA-ның нормативтік құқықтық актілері де кіреді. Егер оның нормалары Қазақстанның жалпы заңнамасына қайшы келсе, Конституциялық заңда көзделген жағдайларда Алатаудың арнаулы заңнамасы қолданылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Конституциясы жоғары заңдық күшін сақтайды, ал ратификацияланған халықаралық шарттар Конституциялық заңнан басым болады. Қылмыстық құқық, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және басқа да бірқатар салалар елдің жалпы заңнамасымен реттеледі.
Халықаралық тәжірибе
Алатауда инвестициялар тарту және қаланың стратегиялық дамуын қамтамасыз ету міндеттері ACA-ға жүктелген. Осындай міндеттерді атқаратын мамандандырылған құрылымдар басқа елдерде де бар. Мысалы, Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Investment Promotion Bureau инвестициялық жұмысты ұйымдастырады, ірі жобаларға қолдау көрсетеді және шетелдік компаниялармен өзара жұмыс жасайды. Ұлыбританияның Лондон қаласындағы London & Partners агенттігі халықаралық бизнесті тартады, компанияларға қала нарығына шығуға көмектеседі және олардың дамуына қолдау көрсетеді. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы IFEZ еркін экономикалық аймағының әкімшілігі инвестициялар тартумен және Сонгдо, Ёнчжон және Чхонна аумақтарын дамытумен айналысады.
Бұл мысалдар инвестициялар тарту мен қаланы дамыту міндеттерін қалалық билік органдарымен бірлесіп жұмыс істейтін жеке ұйымдарға жүктеуге болатынын көрсетеді. Олардың мәртебесі мен өкілеттіктері әртүрлі: бизнесті қолдау агенттігінен бастап арнайы экономикалық аймақ әкімшілігіне дейін. Ал Алатауда ACA мемлекеттік органның өкілеттіктеріне ие, ал қаланы басқару ерекшеліктері Конституциялық заңмен бекітілген. Сондықтан халықаралық тәжірибені Алатаумен жекелеген функциялар мен ұйымдастырушылық шешімдер тұрғысынан салыстыруға болады.
Негізгі деректер
| Институт | Мәртебесі | Функциясы | Басшысы |
|---|---|---|---|
| Алатау қаласының кеңесі | ACA-ның жоғары басқару органы | Стратегиялық шешімдер қабылдау, құжаттар мен ACA бюджетін бекіту | Олжас Бектенов (Премьер-министр) |
| Alatau City Authority (ACA) | Қала әкімшілігі – ерекше мемлекеттік орган | Стратегиялық, реттеуші, атқарушы және бақылау функциялары | Әлішер Әбдіқадыров (CEO) |
| Алатау қаласының әкімдігі | Жергілікті атқарушы орган | Әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, жергілікті бюджет | Аркен Өтенов (әкім) |
| Алатау қаласының мәслихаты | Жергілікті өкілді орган | Бюджетті бекіту, жергілікті мәселелер бойынша шешімдер қабылдау | Әбілова Роза Михайлқызы |