Алатау қаласының тарихы
Алатау қаласының тарихы 2006 жылы Алматының төрт серіктес қаласын құруды көздеген G4 City тұжырымдамасынан басталады. 2023 жылы тұжырымдама өзгертіліп, төрт бөлек қаланың орнына төрт ауданнан тұратын біртұтас қала құру туралы шешім қабылданды. 2024 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жетіген ауылы облыстық маңызы бар Алатау қаласы болып қайта құрылды. 2025 жылғы қыркүйекте Алатауға жедел даму қаласы мәртебесі берілді, ал 2026 жылы қаланың арнаулы құқықтық режимі туралы Конституциялық заң қабылданды.

Алатау қалай құрылды?
G4 City бастапқы тұжырымдамасы Алматы – Қапшағай тасжолының бойында төрт дербес қала: Gate City, Golden City, Growing City және Green City салуды көздеді. Жоба Алматы агломерациясына түсетін жүктемені азайтуға және тұрғын үй құнын төмендетуге бағытталды.
2022 жылы Президент Сингапурдың Surbana Jurong компаниясының қатысуымен әзірленген G4 City жобасы аумағын дамытудың бас жоспарын мақұлдады. Төрт серіктес қаланы іске асыру мақсатында 2023 жылғы 15 наурызда Үкімет қаулысымен шамамен 30 мың гектар аумақта «G4 City» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды.
Сол жылы тұжырымдама қайта қаралды: төрт серіктес қаланың орнына бір қала құру жоспарланып, олардың мамандануы қаланың төрт ауданының негізіне айналды. 2023 жылғы 26 желтоқсанда АЭА-ның атауы «Alatau» болып өзгертіліп, аумағы 96,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
2024 жылғы 9 шілдеде, қала құрылғаннан кейін алты ай өткен соң, Алатаудың шекарасы кеңейтілді. Қала құрамына Қонаев қаласының жерлерінің бір бөлігі, сондай-ақ Іле және Талғар аудандарының аумақтары енгізілді.
Қала мен АЭА шекаралары бір-біріне сәйкес келмейді. Алатау қаласының аумағы шамамен 88 мың гектарды құрайды. Ал 2025 жылғы қарашада кеңейтілгеннен кейін АЭА аумағы 98 982,98 гектарға жетті.
2026 жылғы 8 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Заңда қаланы басқарудың, бюджеттік қатынастардың, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың және инвесторлардың құқықтарын қорғаудың ерекшеліктері айқындалды. Заңның ережелері 2026 жылғы 1 шілдеден 2027 жылғы 1 шілдеге дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Өтпелі кезеңде АЭА тетіктері заңнамада белгіленген өтпелі ережелер шегінде қолданыла береді.
Күні
Оқиға
2006 жыл
G4 City тұжырымдамасы.
Алматы – Қапшағай (қазіргі Қонаев) тасжолының бойында төрт дербес серіктес қала құруды көздеген бастапқы тұжырымдаманы әзірлеу басталды.
2022 жыл
Бас жоспардың мақұлдануы.
Сингапурдың Surbana Jurong компаниясы G4 City жобасы аумағын дамытудың бас жоспарын әзірледі. Стратегиялық құжатты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мақұлдады.

2023 жылғы 15 наурыз
«G4 City» АЭА-ның құрылуы.
Үкімет қаулысымен шамамен 30 мың гектар аумақта арнайы экономикалық аймақ құрылды.
2023 жылғы 26 желтоқсан
АЭА атауының өзгеруі және аумағының кеңеюі.
Үкімет қаулысымен G4 City АЭА-ның атауы «Alatau» болып өзгертіліп, жалпы аумағы 96,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
2024 жылғы 9 қаңтар
Қаланың құрылуы.
Қазақстан Президентінің Жарлығымен Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қала болып қайта құрылып, оған Алатау атауы берілді.

2024 жылғы 9 шілде
Қала шекарасының кеңеюі.
Алатау қаласының құрамына Қонаев қаласы жерлерінің бір бөлігі, сондай-ақ Іле және Талғар аудандарының қосымша аумақтары енгізілді. Қаланың жалпы аумағы 88,2 мың гектардан асты.
2025 жылғы қыркүйек
Жедел даму қаласы мәртебесі.
Қазақстан Президенті Алатауға жедел даму қаласы мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойып, қаланы басқарудың жаңа екі деңгейлі жүйесін енгізуді бекітті.
2025 жылғы 20 қараша
«Alatau» АЭА аумағының кеңеюі.
Үкіметтің № 990 қаулысымен АЭА аумағы 98 982,98 гектарға дейін ұлғайтылды.
2026 жылғы 27 наурыз
Конституциялық заң жобасының Парламентте мақұлдануы.
Қазақстан Парламенті «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.
2026 жылғы 8 мамыр
Конституциялық заңға қол қойылуы.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» № 286-VIII ҚРЗ Конституциялық заңына қол қойды.
2026 жылғы 1 шілде
Арнаулы құқықтық режимді енгізудің басталуы.
Конституциялық заңның ережелері 2026 жылғы 1 шілдеден 2027 жылғы 1 шілдеге дейін кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіледі.