Алатау Smart City
Алатау Smart City қағидаттары бойынша дамып келеді. Бұл қалада цифрлық басқару, жасанды интеллект және автоматтандыру технологиялары инфрақұрылымды жобалау кезеңінен бастап қарастырылады. Digital by default қағидаты «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңда негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітілген. Smart City технологиялық негіздерінің бірі 5G байланыс желісі болады.

Алатауды жобалау барысында цифрлық технологиялар қалай енгізіледі
Сингапур, Сеул немесе Таллин сияқты әлемнің көптеген «ақылды қалаларында» цифрлық технологиялар қалыптасқан қалалық ортаға енгізіліп, қолданыстағы инфрақұрылым біртіндеп жаңғыртылды.
Алатауда цифрлық инфрақұрылым ғимараттармен, жолдармен және инженерлік желілермен қатар жобаланады. Бұл жасанды интеллектіні қолдану, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және қалалық жүйелер арасында деректер алмасу мүмкіндіктерін алдын ала қарастыруға мүмкіндік береді. Қаланың қолданыстағы шағынаудандары мен кәсіпорындары да цифрлық модельге енгізілуі тиіс.
Smart City дамуының негізгі бағыттары

5G – жоғары жылдамдықты байланыс
5G желісі камералардан, датчиктерден және желіге қосылған құрылғылардан деректерді жоғары жылдамдықпен әрі аз кідіріспен жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл интеллектуалды көлік жүйелері, қауіпсіздік және инфрақұрылым мониторингі үшін маңызды. Басқа байланыс желілерімен бірге 5G қаланың цифрлық инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады.

Цифрлық басқару және қалалық сервистер
Digital by default («Әдепкіде цифрлық формат») қағидаты мемлекеттік және қалалық сервистерді бастапқыдан цифрлық форматта әзірлеуді көздейді. Алатаудың цифрлық егізін (Digital Twin) енгізу жоспарланып отыр. Бұл ғимараттар, инженерлік коммуникациялар және инфрақұрылым нысандары туралы деректерді біріктіретін қаланың виртуалды моделі болады. Ол қалалық процестерді модельдеуге және олардың дамуын болжауға мүмкіндік береді. Қалалық жүйелерден алынатын деректер инфрақұрылымның жүктемесін талдау, сұранысты болжау және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін пайдаланылмақ.

Smart Energy
Алатаудың энергетикалық жүйесінде тұтыну көлемін нақты уақыт режимінде есепке алатын ақылды есептегіштер мен электр көлігіне арналған зарядтау станцияларын орнату жоспарланып отыр. Үйлер мен кәсіпорындар күн панельдері сияқты жеке энергия көздерін ортақ желіге қоса алады. Бұл электр энергиясының шығынын азайтып, қаланы энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға тиіс.
Оңтүстік Кореялық серіктестермен ынтымақтастық аясында Smart Grid интеллектуалды электр желілерін дамыту және жаңартылатын энергия көздерін біріктіру мәселелері қарастырылуда.

Smart Transport
Интеллектуалды көлік жүйелері қозғалысты нақты уақыт режимінде реттеп, жол кептелістерін азайтуға мүмкіндік береді. Экологиялық таза қоғамдық көлік, ақылды тұрақтар, қала тұрғындарына арналған ақпараттық хабарландырулар, сондай-ақ жол жүру ақысын төлеу мен инфрақұрылымды пайдалану төлемдерінің цифрлық жүйелері қаланың бірыңғай көлік экожүйесін қалыптастыруға тиіс.

Smart Home
Smart Home тұжырымдамасы Алатаудағы тұрғын үй кешендерін автоматтандыру жүйелерімен жабдықтап жобалауды көздейді. Оған пәтерді қашықтан басқару, ақылды құрылғыларды пайдалану, тұрмыстық сервистерге арналған мобильді қосымшалар және ғимараттың энергия тиімділігін басқару кіреді.

Қауіпсіздік және интеллектуалды қалалық орта
Ақылды бейнебақылау, жарықтандыру және қалдықтарды басқару жүйелерін бірыңғай желіге біріктіру жоспарланып отыр. Қала құрылысын жоспарлау мен жер пайдалануды басқару процестерін қаланың цифрлық егізімен ықпалдастыру көзделген. Медициналық мекемелерді цифрлық мониторинг жүйелеріне қосу да қарастырылған. Бұл «тиімді ауруханалар» тұжырымдамасының бір бөлігі.
Smart City дамытудағы халықаралық ынтымақтастық
Алатаудың Smart City технологиялық базасы халықаралық серіктестердің қатысуымен қалыптасып келеді. 2025 жылғы қазанда Сеулде Alatau Rise with Kazakhstan роуд-шоуы аясында Қазақстан делегациясы Кореяның ақылды қалаларды дамыту тәжірибесін зерделеді. 2025 жылғы желтоқсанда Астанада Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Alatau City Authority және Кореяның шетелдік инфрақұрылым және қала құрылысы корпорациясы (KIND) арасында Alatau Smart City жобасын дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
2026 жылғы маусымда Қытайдағы роуд-шоу аясында Шэньчжэнь қаласында Jiayin Technology Group және MOST Holding компанияларымен цифрлық инфрақұрылымды, жасанды интеллектіні, есептеу қуаттарын және финтехті жергіліктендіруді дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл бағыттар Smart City және CryptoCity жобаларының технологиялық негізін қалыптастырады.
2026 жылғы қыркүйекте Alatau City Authority мен Оңтүстік Кореяның AST Holdings және ILJOO GnS компаниялары Smart City және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар цифрлық егіз бен заттар интернетінің пилоттық жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Қаланың шектеулі аумағында деректерді жинау мен синхрондау, инженерлік инфрақұрылымды қосу және оның жай-күйін бақылау шешімдері сынақтан өткізіледі. Сынақ нәтижелері осы шешімдерді Алатаудың басқа бөліктерінде қолдану мүмкіндіктерін бағалауға көмектеседі.
Smart City технологиялары іс жүзінде

2026 жылғы 19 мамырда Алатауда Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы eVTOL демонстрациялық ұшулары өтті. eVTOL – тік ұшып-қонып, электр қуатымен жұмыс істейтін ұшу аппараттары. Ұшуларға AutoFlight Prosperity жолаушылар аэротаксиі, сондай-ақ әуе арқылы жүк жеткізуге және төтенше жағдайларда жұмыс істеуге арналған жүк дрондары қатысты.
Бұл технологиялар – сервистерді автоматтандыру және интеллектуалды көлік жүйесін дамыту бағыттарының іс жүзіндегі көрінісі. Қаланың арнаулы құқықтық режимі жаңа технологияларды одан әрі сынақтан өткізуге және енгізуге негіз қалайды.
Smart City Алатау тұрғындарының өмірін қалай өзгертеді
Тұрғындар үшін Smart City күнделікті тұрмыстық мәселелерді шешуге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді. Мобильді қосымшалар арқылы коммуналдық қызметтер мен тұрақ ақысын төлеуге, үйдегі жарықтандыру мен қауіпсіздікті басқаруға болады. Ал интеллектуалды көлік жүйесі жолға кететін уақытты қысқартуға көмектеседі.
Қалалық инфрақұрылым үшін цифрлық басқару инженерлік желілердегі су ағуы немесе көлік жүйесіне түсетін шамадан тыс жүктеме сияқты мәселелерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. Цифрлық егіз түрлі сценарийлерді модельдеп, қалалық ортада іске асырмас бұрын қабылданатын шешімдердің тиімділігін тексеруге жағдай жасайды.
Бизнес пен инвесторлар үшін Smart City ақылды энергетика мен сервистерді автоматтандыру арқылы операциялық шығындарды азайтуға, сондай-ақ деректерді талдау мен шешім қабылдау кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Алатау Smart City: технологиялар мен жобалар
Байланыс:
5G желісі және деректерді берудің басқа желілері
Басқару қағидаты:
Digital by default («Әдепкіде цифрлық формат»)
Құқықтық негіз:
«Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң
Жоспарланған басқару құралы:
қаланың цифрлық егізі (Digital Twin)
Ақылды энергетика:
Smart Grid интеллектуалды электр желілері және жаңартылатын энергия көздерін біріктіру
Alatau Smart City жобасы бойынша KIND-пен меморандум:
2025 жылғы желтоқсан
Цифрлық инфрақұрылым мен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі серіктестік:
Jiayin Technology Group және MOST Holding, 2026 жылғы маусым
Цифрлық егіздің пилоттық жобасы бойынша меморандум:
AST Holdings және ILJOO GnS, 2026 жылғы қыркүйек
eVTOL аппараттарының алғашқы демонстрациялық ұшулары:
2026 жылғы 19 мамыр
Smart City бағыттары:
энергетика, көлік, тұрғын үй, қалалық орта және басқару