Алатау қаласы туралы

Берлинде Алатау бойынша 11 келісімге қол қойылды

Берлинде өткен инвестициялық роуд-шоу аясында Алатау қаласын дамытуға қатысты өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс, медицина, қалалық қауіпсіздік және ұшқышсыз технологиялар бағыттары бойынша 11 келісімге қол қойылды. Роуд-шоу барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Германияның федералдық мемлекеттік органдары, салалық бірлестіктер мен ірі компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Кездесулерде Алатау қаласындағы өнеркәсіп, энергетика, құрылыс және қалалық инфрақұрылым жобаларын іске асыруға Германияның инвестициялары мен технологияларын тарту мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстан, Еуропалық одақ және Германия тулары. Берлиндегі Alatau City роуд-шоуы. Германия Федералдық тұрғын үй министрлігі.

Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық ынтымақтастық

Германия Федералдық канцлерінің халықаралық экономикалық саясат жөніндегі кеңесшісі Левин Холлемен өткен келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық-қаржылық платформа құру мәселесі болды.

Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы қыркүйекте Германияға жасаған ресми сапары барысында ұсынған болатын. Платформаның алғашқы пилоттық жобалары ретінде Алатау қаласындағы инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларының жобаларын қарастыру ұсынылды.

Қазақстан делегациясының Германия Федералдық тұрғын үй, қала құрылысы және құрылыс министрлігіндегі келіссөздері.

Германия Федералдық тұрғын үй, қала құрылысы және құрылыс министрлігінің мемлекеттік хатшысы Олаф Йоахиммен кездесуде заманауи құрылыс технологиялары мен энергия тиімділігін арттыруға арналған шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.

Қанат Бозымбаев пен Олаф Йоахим. Alatau City инвестициялық роуд-шоуы, Берлин.

Ал Германия Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі статс-министрі Гюнтер Крихбауммен екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары қарастырылды.

Еуропалық одақ пен Германия тулары аясында Қанат Бозымбаев пен Гюнтер Крихбаумның қол алысуы. Берлин.

Алатаудың неміс бизнесіне арналған инвестициялық мүмкіндіктері

Берлин бағдарламасының басты іс-шарасы Германия экономикасының Шығыс комитеті мен Германия өнеркәсібінің федералдық одағының (BDI) қатысуымен ұйымдастырылған Алатауды дамытуға арналған инвестициялық дөңгелек үстел болды.

Германия компаниялары мен қаржы институттарының өкілдері алдында сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев Алатау қаласының инвестициялық мүмкіндіктерін, ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын және қаланың арнайы құқықтық режимі аясында жұмыс істеу шарттарын таныстырды. Сондай-ақ арнайы режимде көзделген инвестициялық преференциялар мен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктеріне ерекше назар аударылды.

Өнеркәсіп, энергетика және қалалық инфрақұрылым

Іскерлік бағдарлама аясында Қанат Бозымбаев Германия өнеркәсібі федералдық одағының (BDI) басқарма мүшесі Вольфганг Нидермаркпен де кездесті. Тараптар Германия кәсіпорындарының 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік, технологиялық және шикізат салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасын іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін, сондай-ақ Алатау аумағында жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелерін талқылады.

dena, Henkel, SVEVIND Energy, Textima және басқа да компаниялардың өкілдерімен өткен келіссөздерде өндірісті жергіліктендіру, энергетика және су инфрақұрылымын дамыту, машина жасау саласындағы өнеркәсіптік кооперация, сондай-ақ көпсалалы медициналық орталық құру мәселелері қарастырылды.

Қанат Бозымбаев Alatau City инвестициялық роуд-шоуындағы келіссөздер кезінде.

Алатауды дамытуға арналған 11 келісім

Берлинде өткен инвестициялық роуд-шоудың қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы 11 келісімге қол қойылды.

Құжаттар бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі, машина жасау, құрылыс, медициналық инфрақұрылым, қалалық қауіпсіздік және ұшқышсыз технологияларды енгізу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту көзделген.

Роуд-шоудың келесі кезеңі – Майндағы Франкфурт

Алатау қаласының инвестициялық роуд-шоуы Майндағы Франкфурт қаласында жалғасады. Бағдарлама аясында Германия банктері мен қаржы институттарының өкілдерімен келіссөздер және неміс іскерлік топтарының қатысуымен инвестициялық дөңгелек үстел өткізу жоспарланған.

Келесі кезеңнің негізгі тақырыбы Алатау қаласындағы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелері болмақ.

Басқа жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Алатау қаласының (Alatau City) Еуропадағы инвестициялық роуд-шоуын аяқтады. Лондон, Берлин және Майндағы Франкфурт қалаларында өткен іскерлік сапар қорытындысында жалпы инвестициялық әлеуеті 2 млрд АҚШ долларынан асатын 27 коммерциялық құжаттан тұратын топтама қалыптасты. Германиядағы кездесулер нәтижесінде инвестициялық әлеуеті 715 млн АҚШ долларын құрайтын 18 келісімге қол қойылды. Олардың қатарында Германияның KfW және AKA Bank қаржы институттарымен банктік қаржыландыру жөніндегі уағдаластықтар бар.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Майндағы Франкфуртте өткен Alatau City Investment Round Table дөңгелек үстелінде сөз сөйлеп тұр.

2026 жылдың 2 қарашасында Лондонда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Ұлыбритания үкіметінің, Standard Chartered халықаралық банк тобының, Ұлыбританияның экспорттық-кредиттік агенттігі (UK Export Finance, UKEF) мен білім беру ұйымдарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Кездесулерде Alatau City-дің энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылымын қаржыландыру, британдық технологияларды тарту, сондай-ақ білім беру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Қазақстан мен Ұлыбритания өкілдері екі елдің тулары мен Ұлыбритания елтаңбасы аясында қол алысып тұр.

2026 жылдың 2 қарашасында Лондонда Alatau City Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелі өтті. Бұл жиын Алатау қаласын дамытуға халықаралық инвестиция тарту жөніндегі Еуропа роуд-шоуының басталуына негіз болды. Кездесу қорытындысы бойынша халықаралық серіктестермен жалпы инвестициялық әлеуеті 1,3 млрд долларды құрайтын 9 келісімге қол қойылды. Келісімдер инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, білім беру саласындағы бастамаларды пысықтау, медициналық инфрақұрылымды дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қамтиды. Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

Лондонда 2026 жылғы 2 қарашада өткен Alatau City Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелінде Алатауды дамыту жөніндегі келісімдерге қол қою