Лондонда Alatau City инфрақұрылымын қаржыландыру мәселелері талқыланды
2026 жылдың 2 қарашасында Лондонда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Ұлыбритания үкіметінің, Standard Chartered халықаралық банк тобының, Ұлыбританияның экспорттық-кредиттік агенттігі (UK Export Finance, UKEF) мен білім беру ұйымдарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Кездесулерде Alatau City-дің энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылымын қаржыландыру, британдық технологияларды тарту, сондай-ақ білім беру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру
UK Export Finance (UKEF) басшылығымен өткен кездесуде Alatau City-дегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Ұлыбританияның экспортын мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, экспорттық кредиттер, банктік кепілдіктер және басқа да қаржы құралдары сөз болды.
Қазақстан тарапы британдық инженерлік компаниялады, жабдық өндірушілерді және қаржы институттарын тартуға болатын басым жобалардың тізбесін қалыптастыруды ұсынды. Олардың қатарында энергетикалық нысандар салу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, сондай-ақ қаланың көлік инфрақұрылымын жетілдіру жобалары бар.
Халықаралық капитал тарту мәселелері Standard Chartered банкінің мемлекеттік сектормен жұмыс істеу бағыты жөніндегі жаһандық жетекші Чарльз Корбеттпен өткен кездесуде де талқыланды. Тараптар синдикаттық кредиттеу, халықаралық даму институттарымен бірлесіп қаржыландыру және экспорттық-кредиттік агенттіктердің кепілдіктерін пайдалану мүмкіндіктерін қарастырды.

Ұлыбританиямен технология және инвестиция салаларындағы ынтымақтастық
Ұлыбританияның Сыртқы істер министрдің парламенттік орынбасары лорд Стюарт Вудпен кездесуде Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту, соның ішінде британдық компаниялардың инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларға қатысуы талқыланды.
Энергетика, өнеркәсіп және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына да ерекше назар аударылды.

Ұлыбританияның мемлекеттік министрлері Анас Сарвар, Крис Макдональд және Канишка Нараянмен өткен келіссөздерде сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, британдық технологияларды енгізу, ғылым, инновация және жасанды интеллект салаларында бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, Alatau City инфрақұрылымын басқаруда цифрлық шешімдерді қолдану мәселесі сөз болды.

Білім беру жобалары
Келіссөздердің тағы бір маңызды бағыты халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастық болды. Қазақстандық делегация Magdalen College School басшылығымен кездесіп, Alatau City-де халықаралық деңгейдегі мектеп ашу мүмкіндігін талқылады. Тараптар британдық білім беру бағдарламаларын енгізу және педагогтерді бірлесіп даярлау мүмкіндігін қарастырды.

Жобаларды одан әрі пысықтау
UKEF және Standard Chartered-пен бірлескен жұмыс Alatau City-дегі әрбір инфрақұрылымдық жобаның ерекшеліктерін ескере отырып, оған қолайлы қаржыландыру моделін айқындауға мүмкіндік береді.
Лондонда өткен инвестициялық роуд-шоудың осы кезеңі аяқталды. Бағдарламаның келесі кезеңінде Германияда неміс бизнесі мен қаржы ұйымдарының өкілдерімен келіссөздер жүргізіледі.
