Лондонда Алатауды дамытуға бағытталған әлеуеті 1,3 млрд доллар болатын 9 келісімге қол қойылды
2026 жылдың 2 қарашасында Лондонда Alatau City Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелі өтті. Бұл жиын Алатау қаласын дамытуға халықаралық инвестиция тарту жөніндегі Еуропа роуд-шоуының басталуына негіз болды. Кездесу қорытындысы бойынша халықаралық серіктестермен жалпы инвестициялық әлеуеті 1,3 млрд долларды құрайтын 9 келісімге қол қойылды. Келісімдер инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, білім беру саласындағы бастамаларды пысықтау, медициналық инфрақұрылымды дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қамтиды. Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
Білім беру және медицина: халықаралық ынтымақтастық бағыттары
University of Exeter, Brighton College және Repton Group ұйымдарымен Алатау қаласында білім беру мекемелерін ашу жөніндегі жобаларды пысықтау көзделген. AstraZeneca фармацевтикалық компаниясымен және Crescent Meditours ұйымымен ынтымақтастық медициналық инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және ғылыми алмасу мәселелерін қамтиды.
Қатысушылар
Alatau City Investment Roundtable жиынына 70-тен астам компания, инвестициялық қор, банк және сараптамалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында JPMorgan Chase, AstraZeneca, BP және Brookfield Asset Management компаниялары бар.
Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Alatau City жобасының стратегиялық маңызын атап өтті.
«Роуд-шоуды әлемдегі жетекші қаржы және құқық орталықтарының бірі – Лондонда бастауымыз кездейсоқ емес. Ұлыбритания – біздің стратегиялық серіктесіміз. Alatau City – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық жоба. Біз Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды буынына айналуға тиіс бизнес, қаржы, технология және логистика салаларының жаңа орталығын құрып жатырмыз», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров қаланы дамытудың негізгі бағыттарын таныстырды. Басым бағыттар қатарында заманауи инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру, өнеркәсіптік, іскерлік және логистикалық аймақтарды дамыту бар.
Халықаралық инженерлік-консалтингтік Arup компаниясы аумақты жоспарлау және қалалық инфрақұрылымды дамыту тәсілдерін таныстырса, «Бәйтерек» холдингі инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктерін ұсынды.
Құқықтық кепілдіктер және инвестициялық сот
Жеке сараптамалық сессия Алатаудағы 2026 жылғы 8 мамырдағы «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының № 286-VIII Конституциялық заңымен бекітілген арнайы құқықтық режимге арналды.
Norton Rose Fulbright, Reed Smith және Boies Schiller Flexner халықаралық заң компанияларының өкілдері инвестиция тартудың құқықтық тетіктерін, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті, цифрлық активтерді реттеуді, халықаралық төрелік пен коммерциялық дауларды шешу мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ қатысушылар ағылшын құқығының қағидаттарын қолдана отырып, Alatau City мамандандырылған инвестициялық сотын құру перспективаларын қарастырды.
Конституциялық заң инвесторға инвестициялық дауды қай жерде қарату керектігін таңдауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, дауды Қазақстан соттарында немесе заңда көзделген алты төрелік тетіктің бірі арқылы қаратуға болады. Олардың қатарында АХҚО Халықаралық төрелік орталығы мен Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталық (ICSID) бар. Тиісті нормалар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Банктермен және қор биржасымен келіссөздер
Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстан делегациясы Лондон қор биржасының, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ), Brookfield Asset Management, Société Générale және J.P. Morgan басшылығымен келіссөздер жүргізді.
Тараптар институционалдық капитал тарту, жобалық қаржыландыру құралдарын пайдалану және қаланың энергетикалық, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға халықаралық қаржы ұйымдарын тарту мүмкіндіктерін талқылады.
Алатаудың инвестициялық портфелі
Қазіргі уақытта Алатау қаласының инвестициялық портфеліне жалпы құны шамамен 6,9 млрд доллар болатын 67 жоба кіреді. Оларды іске асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген.
Сонымен қатар қалада жалпы құны 35,3 млрд теңгені құрайтын инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған 26 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар электрмен, сумен және газбен жабдықтау жүйелерін, кәріз желілері мен автомобиль жолдарын дамыту бағыттарын қамтиды.
Алдағы жоспарлар
Alatau City жобасының Еуропадағы роуд-шоуы Ұлыбританияның мемлекеттік органдары, халықаралық қаржы институттары және стратегиялық серіктестер өкілдерімен келіссөздер арқылы жалғасады. Келесі кезеңде Германияда инвестициялық кездесулер өтеді.
|
Негізгі деректер: Іс-шара: Alatau City Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелі Өткізілген күні: 2026 жылғы 2 қараша Өткізілген орны: Лондон қаласы, Ұлыбритания Делегация басшысы: ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Қатысушылар: 70-тен астам компанияның, инвестициялық қордың, банктің және сараптамалық ұйымның өкілдері Қорытынды: Жалпы инвестициялық әлеуеті 1,3 млрд долларды құрайтын 9 келісімге қол қойылды Білім беру саласындағы серіктестер: University of Exeter, Brighton College, Repton Group Медицина саласындағы серіктестер: AstraZeneca, Crescent Meditours Қаланың инвестициялық портфелі: Жалпы құны шамамен 6,9 млрд доллар болатын 67 жоба. Оларды іске асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген. |